Құтқарушылар міндетін мінсіз атқарып келеді

117

0

Президент соңғы жылдары еліміз бастан өткерген табиғи апаттардың ең ауыр салмағы құтқарушыларға түскенін айтты.

– Былтыр алапат су тасқыны ке­зінде сіздер жұртты қауіпсіз жер­ге көшіріп, апаттан аман алып қал­ды­­ңыздар. Қостанайда, Семейде жә­не басқа да аймақтарда болған ор­­ман өртіне қарсы тұрып, тілсіз жау­­мен күрестіңіздер. Төтенше жағ­­дай болған аймақтарға өзім де арнайы бардым. Ерлікке бергісіз на­ғыз еңбекті өз көзіммен көрдім. Сон­­дықтан азаматтық қорғау саласы маман­­дарының кәсіби шеберлігі және табанды еңбегінің арқасында біз бір ел болып барлық қиындықты еңсердік деп толық сеніммен айтуға болады. Жалпы құтқарушыларымыз соңғы 5 жылда 225 мыңға жуық адамның өмірін сақтап қалды. Сон­дай-ақ шетелдегі гуманитарлық мис­сияларға қатысып, кәсіби дең­гейі жоғары озық маман екенін дә­лел­деді. Сол арқылы еліміздің ха­лық­аралық беделін арттыруға атсалыс­ты. Осы орайда бүгін мен еліміз­дегі барлық құтқарушыларға тағы да зор алғысымды айтамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет азаматтық қорғау саласын күшейте түсуге баса мән беретінін айтты.

– Осыдан бес жыл бұрын Тө­тен­ше жағдайлар министрлігі қайта құрылды, ал осы салаға республи­калық бюджеттен бөлінетін қаржы екі жарым есе көбейді. Бір сөзбен, нақты және тиімді шаралар қабыл­дана бастады. Атап айтқан­да, 1700-ден астам арнайы техника алынды. 42 өрт сөндіру депосы және құтқару станциясы салынды. Аудандық тө­тенше жағдай бөлімшелері заман талабына сай жаңғыртыла бастады. Құтқарушылардың әлеуметтік жағ­дайын жақсарту жұмысы да бас­ты назарда. Соңғы екі жыл ішінде сала мамандарының еңбекақысы 77 пайызға өсті, енді оларға арнайы үс­темеақы төленетін болды. Сон­дай-ақ тұрғын үй төлемдері мен әлеу­меттік жеңілдіктер беріле бас­тады. Жалпы бұл жұмыс міндетті түрде өз жалғасын табады. Осындай шаралардың арқасында азаматтық қорғау саласының кадрлық әлеуеті артып келеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жер жүзінде түрлі себептерге байланысты табиғи және техногендік апаттар көбейіп кеткеніне тоқталып, кәсіби тұрғыдан білікті, мықты мамандарды, яғни жаңа заман құтқарушыларын даяр­лауға ерекше назар аудару қажет екенін тілге тиек етті.

– Осы мақсатпен Көкшетау тех­никалық институты Мәлік Ғаб­дул­лин атындағы Азаматтық қорғау академия­сы болып қайта құрыл­ды. Құтқарушы еліміздегі ең беделді маман­дықтың біріне айна­луға тиіс. Мемлекеттік органдар құтқа­ру­шы­ларға қоғамда лайықты баға берілуі үшін барынша шара қа­былдауға мін­детті. Өте қиын, қауіпті, бір емес, бірнеше бағытта дайын­дықты қа­жет ететін осынау маман­дықты на­сихаттауға бұқа­ралық ақпарат құ­ралдары, өнер адамдары үлес қоса алады. Нағыз құтқарушылар әс­кери іс, экономика, құрылыс және бас­қа да көптеген саладағы арнайы білімді меңгерген. Олардың арасында спортшылар да аз емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, Үкімет пен салалық министрлік төтенше жағ­­дайларды уақытылы ескертудің және салдарын жоюдың тиімді жолдарын қарастыруға баса мән берген жөн.

– Орталықтағы және жергілікті құтқару қызметтерінің іс-қимылы – біртұтас, нақты жүйеленген меха­низм. Басқару үдерісін автоматтан­дыруға, цифрландыруға, өзге де за­манауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге күш салу маңызды. Сонымен бірге министрлік қазірдің өзінде «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында өнеркәсіп нысандарындағы қауіпсіздікті күшейтіп, өртке қарсы талаптар мен құрылыс нормаларын қатаңдату шараларын қабылдап жатыр. Азаматтарға, ең алдымен, балалар мен жастарға өрт, су тасқыны, жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік ережелерін мұқият, түсінікті тілмен жеткізу қажет. Олар апат кезінде қалай әрекет ететінін білуге тиіс. Со­нымен қатар күнделікті өмірде, ты­ныш уақытта қауіпсіздік шараларын ұдайы есте сақтағаны жөн. Көп­шілікті табиғат аясында демалу, су айдынында шомылу, тауға шығу, ауа райы жайсыз кезде және басқа да жағдайларда көлік жүргізу сияқты азаматтардың денсаулығы мен өміріне қатер төн­діретін сәт­тер­де жауапкершілік таны­туға үндеу маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев тәртіп, жанашырлық, жәрдем беру секілді өмірлік маңызы бар қағидаларды қоғамда орнықтыру ісінде құтқа­ру­шылар өскелең ұрпаққа үлгі болуы керек деп санайды.

– Оқу орындарына Төтенше жағ­дайлар министрлігі бөлімшелерінің бейресми қамқорлық көрсету тә­жірибесін белсенді түрде енгізген дұрыс. Құтқарушылар қоғамда салауатты өмір салтын насихаттауға, балалар мен жастар арасында спортты дәріптеуге зор үлес қоса алады. Бұл – шын мәнінде стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі рухы мық­­ты, салауатты ұрпақ тәрбиелеу – қазіргі жаһандық өзгерістер заманында ұлт сапасына тікелей әсер ететін жағдай. Осы бағытта Тө­тенше жағдайлар министрлігі спорт федерацияларымен өзара байланыс орнатып, белсенді жұмыс істе­гені жөн. Жалпы бүгінгі таңда спорт федерациялары абырой-бедел жинайтын құрылымға айналып кетті. Көптеген федерацияны ірі биз­нес өкілдері және мемлекеттік меке­ме басшылары басқарып отыр. Бі­рақ ашығын айтуымыз керек, кә­сіп­керлер осы қоғамдық маңы­зы бар іске өз қаржысын салуға құлық­сыз, тек мемлекеттен бөлі­нетін қара­жат­қа қарап отырады. Мемлекеттік қыз­метшілер де осы жоғары қоғамдық лауазымдарды өзін «жарнамалау» құралы ретінде көреді, яғни спорт­тың мәнісіне терең бойламайды. Тіпті спортшылардың жетістігін өз­дерінің жеке жеңісі деп санайтындар бар. Мұндай теріс, жағымсыз үдеріске тосқауыл қою керек. Осы мәселе бойынша жан-жақты талдау жүргізу қажет. Бұл жұмысты Президент Әкімшілігіне тапсырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пайым­дауынша, спорт және денешынық­тыруға қолдау көрсетуді құрметті қоғамдық миссия және үлкен аза­мат­тық жауапкершілік ретінде қа­рас­тырған жөн.

– Ел ішінде және шетелде атақ-абыройыңды асқақтату үшін федерация басқару дұрыс емес. Оған жол беруге болмайды. Сондықтан мемлекет кәсіпкерлерді, соның ішінде ірі бизнесмендерді қолдайды. Бірақ мемлекет пен қоғам да олардың осыған сай әрекет еткенін күтеді. Атап айтқанда, бұл спортты, мысалы футболды коммерцияландыру мәселесіне қатысты. Туризм жә­не спорт министрлігі мен спорт феде­рацияларының арасында тең құқы­лы диалог өрбіп, міндеттері мен құ­зы­реттері нақты айқындалған ын­ты­мақтастық жолға қойылуға тиіс. Кәсіпкерлердің бастамаларын ынта­ландыру – мемлекеттік саяса­ты­мыздың негізгі басымдығы. Мен бұған ерекше мән беремін. Өткен аптада экономикалық ахуалға қа­тысты арнайы жиын өткіздім. Он­да еліміздегі бизнесті дамыту мәсе­ле­лері қарастырылды. Кеше Премьер-министрге берген тапсырмамда ша­ғын және орта кәсіпкерлікті қолдау қажеттігіне тағы да баса назар аудардым. Қазір бірқатар спорт феде­рациясына бизнесмендердің, ме­­ценаттардың жаңа буыны келе бас­­тады. Оларға спортты дамыту са­­ла­сындағы жағдайды жақсарту міндеті жүктелді. Қазірдің өзінде жұ­мысқа жауапкершілікпен қарап, маңызды жеңіске қол жеткізуге бар ынтасымен ұмтылатындарын бай­қап отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Президент ТЖМ қыз­меткерлері, құтқарушылар әрқа­шан және әр кезде ел қамын ойлап, аза­маттардың қауіпсіздігін күзете­тінін атап өтті. Сондай-ақ азаматтық қорғау жүйесін жаңғыртудың ке­шен­ді жұмыстары жалғасып, құт­қару­шыларға жан-жақты қолдау көр­­сетілетінін жеткізді. Қазіргі жұ­мыс қарқынын төмендетуге болмайды. Өйткені азаматтардың өмірі мен тұрмысы осыған тікелей байланысты.

– Өзгенің өмірін сақтау үшін өз басын қатерге тігу – нағыз ерлік. Қиындыққа тап болған жандар ең алдымен құтқарушылардан көмек күтеді. Бүгінде азаматтық қорғау са­ласының қызметкерлері өз мінде­тін мінсіз атқарып келеді. Олар сын сағатта жанқиярлық көр­сетуге дайын тұрады. Тіпті осы жолда құрбан болған ерлеріміз аз емес. Өткен отыз жылда 72 құтқа­рушы ерлікпен қаза тапты. Біз ба­тыр­ларымыздың есімін ешқашан ұмытпаймыз. Олар отаншыл және антқа адал бо­лу­дың тамаша үлгісін көрсетті. Сон­дық­тан өмірін құтқару ісіне арнаған ерлердің есімдерін та­рихы­мызда мәңгі сақтау үшін тиісті іс-әрекеттерді дер кезінде қол­дануымыз керек. Нағыз ерлік жа­саған батыл азаматтарымыздың рухына тағзым ете отырып, олардың есімдерін ел ішінде ұлықтай беруіміз қажет. Халқымыз «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» деп айтқан. Түптеп келгенде, қайсар рухты құтқарушыларымыз Әділетті және Қауіпсіз Қазақстанды құруға мол үлес қосып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты жиын соңында Президент қызметтік борышын атқару барысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар тапсырды.