Құтты мекендегі құрметті есімдер

142

0

Ертең кітапханашылар қауымы кәсіби мерекесін атап өтеді. Сырт көзге оңай көрінгенімен қиындығы жетерлік, қызығы мен шыжығы қатар жүретін осы бір мамандық иелерін қалай құрметтесек те, артық емес. Мереке қарсаңында өзім қызмет атқарып келе жатқан киелі мекеннің шырақшылары туралы біраз ой қозғағым келіп отыр.

Жалпы біздің облыстық кітапхана тарихы сонау 1867 жылдан бастау алады. Ол кезде Перовск қаласында Ақмешіт уезінің әскери халқы үшін уездік кітапхана болып ашылған. 1938 жылы Қызылорда облыс орталығы болғаннан кейін, қалалық кітапхана облыстық кітапхана болып қайта құрылды және ол М.Горький есімімен аталды. Кітапханада бірнеше бөлім ашылып, қызметі едәуір кеңейіп, күрделене түсті.

Қазір заман күн санап өзгеріп, технология қарыштап дамуда. Кітапханашылар да осы ағымнан қалыс қалмай, өздерін күнделікті жетілдіріп отыруы тиіс. Өйткені оқырман талабы өзгеріп, сұранысы артты. Қазіргі заман кітапханашылары – ақпараттық технологияларды меңгерген, оқырмандардың мәдени және зияткерлік қажеттіліктерін қанағаттандыратын мамандар.

Осындай жылдамдықты, кәсібилікті қалай тез меңгеруге болады десек, ойымызға бірден қазіргі сара жолды салып кеткен алдыңғы буын мамандар түседі. Кітапхана деп аталатын парасат ордасында түрлі тағдыр, түрлі өмір көресің. Санаулы ғұмырын өңіріміздің мәдени саласына арнап, кітапхана ісін өркендету жолында тер төккен қаншама апайлардың есімі өткен күннің еншісінде қалды. Өздерінің дара жолы мен ерекше қолтаңбасын қалдырып кеткен кітапханашыларды біз қазіргі буын, жиі еске алып отырамыз.

1990 жылы кітапхана басшылығына білікті де шебер ұйымдастырушы Күлбар­шын Раушанбекқызы Сисекеева келді. Осы кезеңде жетекші мамандар кітапхана жұмы­сын жандандыра бастады. Гүлнар Бармақ­ова, Сара Қанибетова, Құрманкүл Сыздық­ова, Балжан Тайшыманова, Тұрған­күл Бәйім­бет­ова, Дарья Цзю, Нағима Жаманқұл­ова, Жұма­бике Ералиева, Шолпан Серекова, Татьяна Долотова, Галина Лигай өзіндік үлес қосты. Кейінгі толқын ішінде Махмура Абдул­паттаева, Зина Оспанова, Айткүл Кәрі­баева, Оразкүл Салиева, Тамара Букина, Люд­мила Пан, Ләззат Бәйтенованы ерекше атауға болады. Міне, біз өзімізге үлгі болған осындай мамандардан көп үйрендік, ақыл-кеңесін жиі тыңдадық. Әр қимылына, кітапқа деген құрметіне, оқырманмен сөйлесу мәне­ріне, баладай таза көңіліне, өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігіне қызыға қарайтынбыз.

1999 жылы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына Халық жазушысы, көрнекті ақын Ә.Тәжібаевтың есімі берілді. 2009-2020 жылдары кітапхана басшылығына білік­ті маман Нұржамал Ахметқалиқызы Мырзамұ­ратова, одан кейін ғалым-ұстаз Нұрлыбек Кәрібозұлы Мыңжас келді. Бүгінде алыстан көз тартатын, қаламыздың сәні мен сәулетін арттырған еңселі ғимарат Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана екінші үйімізге айналғандай. Таңертең ерте келіп, қас қарайғанға дейін қажетін іздеп келген оқырманға қызмет көрсету, қорға түсіп жатқан кітаптармен жұмыс жүргізу, атаулы күндерге кітап көрмелерін дайындап, оны көпшілікке таныстыру, мерейтойлар мен шығарма авторларына арналған кештер ұйымдастыру, міне осының барлығы – кітап­ханашының күнделікті жұмысы.

Мұнда күн сайын қайнап жатқан өмірді көруге болады. Кішкентай қолымен сөредегі түрлі-түсті суретке толы ертегілерге ұмтыл­ған бүлдіршін, күнделікті сабақ дайын­ды­ғымен келген оқушы, лекция арасында қо­сымша мәлімет іздеп келген студент, ғылыми еңбегіне құжаттар ақтарып отырған ғалым, өскелең ұрпаққа білім нәрін себуге асыққан ұстаз, әлемде болып жатқан жаңалықтар легімен танысуға келген зейнеткер – кітап­хананың тұрақты оқырмандары. Біз осындай оқырманмен баймыз. Ынталы, талапты оқыр­манмен мақтанамыз. Оқырман сұрап кел­ген әрбір кітап – біз үшін ізденіс және жұ­мыс нәтижесі. Кейде кітапхана есігін сәби шақта ашқан, қазіргі таңда ақылы толысқан, қоғамда түрлі салада қызметте жүрген оқыр­мандарымызды көріп, солардың тұлға болып қалыптасуына біздің де кішкентай үлесіміз бар екеніне риза боп жатамыз.

Біздің кітапхананың есігін кімдер ашпады дейсіз? Президент те, министр де, әкім де, депутат та кітапханаға келген құр­метті қо­нақтар қатарында болғанын үлкен мақ­танышпен айтамыз.

Кітапханашының еңбегі көзге көрінбей­ді, салмақпен өлшенбейді. Тіпті көп жерде қалыс қалып жатады. Сонда да кітапха­нашы – мәртебелі мамандық иесі. Қара­па­йым­дылығымен, салмақтылығымен, мәде­ниет­ті­лігімен мәртебелі. Қазіргі кітап­ханашы ол – ұстаз, тарихшы, тәрбиеші, психолог, бағ­дарламашы, жол сілтеуші. Кітап­хана табал­дырығын аттаған кішкентай бүлдір­шіннен бастап, зейнет жасындағы егде кісілерге дейін ақпарат айдынынан іздегенін тауып беру, қажетін жедел орындау – басты міндеті.

Қазір қоғамда кітапханаға деген көзқарас өзгерген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бүгінгі заманда кітапсыз, сон­дай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес», «Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды» деген сөзінен кейін оқимын, іздеймін, білемін деушілер көбейді. Біз үшін бұл үлкен қуаныш.

Білім мен мәдениет ордасына келген талғампаз оқырманның ой-өрісін кеңейтіп, білім көзін ашуда қазір де майталман ма­ман­дар жетерлік. Айгүл Жанғабылова бас­таған Шолпан Бердәулетова, Бибайша Әлие­ва, Қалдыгүл Досмағанбетова, Алтынай Ма­хам­бетова, Гүлдерайым Қосназарова, Айгүл Сайымбетова, Маржан Айгисинова, Бақыт Жүсіпова, Гүлжан Жұматаева, Алма Қалмағанбетова, Салтанат Баекеева, Айгүл Көшербаева өз ісінің шеберлері. Қандай жұ­мыс тұрса да, соған мән беріп, түрлендіріп, жандандырып, оқырман айналып өте алмай­тындай деңгейге апарады. Ойы зерек, қиялы ұшқыр, өз ісіне құлай берілген осындай ма­мандармен күнде кездесіп-жүздесу мен үшін үлкен бақыт. Егер менен нағыз бақытты жан кім деп сұраса, мен ойланбастан кітапханашы деп жауап берер едім. Өйткені рухани қазына күзетшісі бола жүріп, олар от ауызды ақынмен де, қаламынан құдірет тамған жазушымен де, өткенді бүгінмен жалғап, шежіре тарқатқан тарихшымен де жиі кездесіп, жүздесіп жүре­ді. Болашаққа деген сенімдері нық. Қолда­рында ғасырларды жалғаған алтын мұра бар. Алдарында сөз құдіретін түсінетін өскелең ұрпақ бар.

 Мереке құтты болсын, кітапханашылар! Жаңалыққа құштар, даналыққа құмар ізгі­лікті оқырмандарыңыз көбейе берсін, асыл жандар!

Гүлжахан ЮСУПОВА,

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық

кітапхананың кітапханашысы