Аймақта қоғамдық-саяси ахуал тұрақты, қылмыс көрсеткіші төмендеп келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс прокуроры Ризабек Ожаров мұны жергілікті құқық қорғау және атқару органдарының жұмысын тиісті дәрежеде үйлестіру нәтижесі екенін айтты.
Жыл басынан бері қылмыс саны 7%-ға, оның ішінде кісі өлтіру 40%-ға, тонау 20%-ға, қорқытып алу 73%-ға, ұрлық 48%-ға, мал ұрлығы 55%-ға азайды.
– Қылмыстық құқықбұзушылық профилактикасы ұдайы прокуратура назарында. Біздің бастамамызбен қылмыстың алдын алу бағытында прокуратура, полиция және пробация қызметкерлерінен арнайы топтар құрылды. Бұл топтар қылмысқа бейім тұлғалардың тәуекел тобын анықтап, олармен тиісті жұмыс жүргізуде, – деді облыс прокуроры.
Алаяқтық істері бойынша 115 дроппер анықталып, оның 17-сіне қатысты сотқа дейінгі шағым түсті. 115 күмәнді есепшот транзакциясы бұғатталса, оның 5-і бойынша жәбірленушілерге тиесілі 3 млн 800 мың теңгеге жуық ақша ұсталып қалды. Сонымен қатар микроқаржы ұйымына қатысты 3 қылмыстық іс тіркелді.
– Қызылорда қаласында қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты үш мекеме орналасқан. Ондағы ахуал тұрақты, жаппай тәртіпсіздік фактілері, суицид, өлім деректері тіркелген жоқ. 3 мекемедегі «соқыр» аймақтар жойылып, барлық аумағына бейнебақылау камералары орнатылды, – деді Ризабек Ожаров.
Жыл басынан бері Қызылордада қадағалаушы органның араласуымен мемлекет бюджетіне 1,5 млрд теңгеден астам қаржы, 75 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл өндірілді.
– Салық заңнамасының талаптары бұзылғаны да анықталды. «Қыран» компаниясы 2024 жылы 1,2 млрд теңге көлеміндегі қосымша құн салығын төлемеген. Қадағалау актісі негізінде серіктестік мемлекет бюджетіне 242 млн теңге өндірді. Ал «Қазсушар» мекемесінің Қызылорда филиалы арқылы сатып алынған 23 мың тонна тас нақты жеткізілмеген, – деді облыс прокуроры.
Осылайша мемлекетке 326,5 млн теңге залал келген. Аталған факт бойынша филиалдың лауазымды тұлғаларына қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен қылмыстық іс тіркеліп, арнайы прокурорлар оны өндірісіне алды.
Сондай-ақ Қызылордада жұмысшылардың жалақысы мен іссапар шығынын өз есепшотына аударған бас есепшілерді тергеп-тексеру басталды. Қадағалаушы органның мәліметінше, облыс орталығындағы «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының бас есепшісі іссапар мен жалақыға көзделген 50 млн теңгені, Ақай ауылындағы № 99 мектептің бас есепшісі 42 млн теңге бюджет қаражатын өзінің жеке есепшотына заңсыз аударған. Бұл фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
– Сондай-ақ Жаңақорған ауданындағы 81 жеке балабақшаға 723 млн теңге дотация төленбей, соның салдарынан 1847 қызметкер жалақысын ала алмаған. Прокуратураның ықпалымен барлық кәсіпкерлік субъектісіне төлемдер аударылып, жалақылары берілді. Бұдан бөлек, орта білім беру ұйымдарында 171 мың оқушының сабақ кестесі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмей, аралық үзілістер қысқартылғаны анықталды, – деді облыс прокуроры.
Облыстық прокуратура жыл басынан бері 7145 жұмысшының құқығын, оның ішінде 6342 адамның конституциялық құқығын қорғады. 6 жұмыс беруші әкімшілік, 6 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
– Қадағалау актісі негізінде 601,3 млн теңге жалақы өндірілді. Мысалы, «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтылған 2360 жасқа 264 млн теңге жалақы қарызы төленді, – деді Ризабек Ожаров.
Қадағалаушы орган еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша да кемшіліктер тапты. Облыстағы 8 мыңнан астам жұмыс беруші жұмысшыларын жазатайым оқиғалардан міндетті түрде сақтандыру туралы шарт жасамаған. Оның арасында күріш өсіру саласындағы іргелі құрылым — «Абзал және К» серіктестігі де бар. Компания 511 адамға байланысты шарт жасамаған. Кемшіліктер бойынша қадағалау актісі енгізіліп, нәтижесінде 55 жұмыс беруші 500-ден астам жұмысшысын жазатайым оқиғадан сақтандырды.
Сот отырыстарында прокурорлардың қатысуымен 217 азаматтық және әкімшілік іс қаралды. Прокурорлық қадағалау актісі негізінде соттың 3 шешімінің күші жойылып, заңға сәйкестендірілді.
– Өтінішхат негізінде 15,5 млн теңге заңсыз пайдаланылған мемлекеттік субсидия және 2,3 млн теңге негізсіз төленген жалақы мемлекет бюджетіне өндірілді. 952 әкімшілік іске прокурор қатысып, 24 апелляциялық өтінішхатқа сәйкес сот актілерінің күші жойылды. Өткен жылмен салыстырғанда прокуратура ықпалымен күші жойылған сот қаулыларының саны 60%-ға өсіп отыр, – деді Р.Ожаров.
Облыс прокуроры жыл басынан бері 167 жеке қабылдау өткізген. Прокуратура құзыретіне кіретін қандай да бір мәселе болса, әр сейсенбі күні таңғы сағат 10-нан бастап есігі ашық.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»






