Қымбаттамаған не қалды?

1937

0

Өткен күзден бері қарай қазақстандықтардың орташа атаулы жалақысы 32 мыңға көбейген. Ұлттық статистика бюросы жариялаған өзгеріс бойынша оның маусым айындағы мөлшері – шамамен 242542 теңге. Бұл жерде бюро шағын кәсіпорындарды есепке алмағанын ескеру керек.


Жалақыны жіктесек, былай: 2020 жылы қазанда 209818, қарашада 211033, желтоқсанда 220848, 2021 жылғы қаңтарда 222261, ақпанда 223213, наурызда 224715, сәуірде 231319, ал мамырда 232347 теңгеге жеткен. Ха­лықтың жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы мамырда 121 мың теңге болған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,4 процентке көп.


Республикалық көрсеткіштен жоғары еңбекақы Атырау (орташа жалақы – 405,8 мың теңге), Маңғыстау (344,3 мың теңге) облыстары мен Нұр-Сұлтан (307,5 мың теңге), Алматы (268,5 мың теңге) қалалары тұрғындарының қолына тиеді екен. Қалғанында одан төмен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстан әлем бойынша жартымсыз жалақы алатын мемлекеттер қатарында екенін мәлімдеді.


Сөйте тұра, базардағы баға анау! Қалтаны қағып тұр. Кейінгі уақытта тұрғындардың тапқаны тамақтан артылмайтын болды. Сөзімізге Ұлттық статистика бюросының дерегі дәлел. Осы жылдың бірінші тоқсанында әрбір қазақстандық ай сайын шамамен 97 мың теңгені азық-түлік алуға жұмсаған. Бұл өткен жылдың осы кезеңдегі көрсеткіштен 4,6 процентке артық. Ішіп-жеміне көп кететін болған соң ба, жұрт шылым мен ішімдік шығынын шегерген. Ас-ауқатқа ақша жұмсаудан алматылықтар алда – шамамен 127,2 мың теңге.

Шымкенттіктер керісінше үнемшіл болып шықты – айлық шығыны 72 мыңның айналасында.


Ет жемесе тұра алмайтын қазақ әлі күнге табысының үштен бірінен астамын соған жұмсайды екен. Ол дегеніміз – 31,2 мың теңге, тіпті өткен жылдың бірінші тоқсанындағыдан 1,9 процентке көп. Нан, жарма (14,3 мың теңге, 12,4 процентке артық) және сүт өнімдері (9,6 мың теңге, 10,4 процентке жоғары), жұмыртқа (2,1 мың теңге немесе 37,1 процентке бір-ақ көтерілген) көп шығынды керек ететіндер тізімінде. Есесіне жұрттың қантқа, кондитерлік өнім мен тәттіге құмарлығы сейілген – 5,8 мың теңгеге, 0,2 процентке төмен.


Ал жаз келісімен елде картоп пен сәбіз бағасы аспандап, бұл халықтың ашуына тиді. Бюроның маусым айындағы мәліметінше, жыл басынан бері картоп 48,6 процентке қымбаттаған. Сауда және интеграция министрлігі «жылда қайта­ланатын құбылыс» деп жауырды жаба тоқыды. Өйткені 2020 жылы дәл осы уа­қытта статистика органдары бағаның 46 процентке дейін өскенін тіркепті. Ауыл шаруашылығы министрлігі болса, «алып­сатарлар пайда көріп отыр» деп кінәні супермаркеттер мен делдалдарға жапты.
Қымбатшылықтың сыртында көбіне жанармай мәселесі тұратыны сөз­сіз.

Өйткені тасымал шығыны соған тіке­лей тәуелді. Ал бензин бағасында тұрақтылық болған емес. Қазақстанда 10 жылда ол 73-79 процентке дейін өскен. Бюро 2011 жылы АИ-92 бензинінің литрі шамамен 95 теңгеге сатылса, 2021 жылы сәуірде 168 теңгеге көтерілгенін көрсетті. АИ-95, АИ-96 бензинінің литрі он жыл әріде шамамен 107 теңге болған екен. Биыл сәуірде – 187 теңге. АИ-98 2011 жылы шамамен 115 теңгеден сатылса, он жылдан соң 207 теңгеге көтеріліп шыға келді. АИ-95, АИ-96 маркалы жанармай құны он жылда – бір, АИ-98 – екі, АИ-92 үш-ақ рет түскен.

Қалғанында халықтың қалтасын қағумен келеді. Энергетика министрлігі бұған байланысты «ішкі нарықтағы мұнай өнімінің бағасын мемлекет реттемейді, баға сұраныс пен ұсыныс негізінде айқындалады» дегеннен әрі аспай отыр.


Халықаралық қаржы институт­тарының есебінше, айлығының 10-20 процентін тамаққа жұмсайтын елдер «дамыған» болып саналады. Ол категорияда Қазақстан жоқ. Елімізде табысы өте төменгі күнкөріс шегінен аз халық саны 1996 жылдан бастап есепке алынып келеді. Содан бергі ең бір көңіл түсірерлік көрсеткіш 2001 жылы (халықтың 50 процентке жуығы) тіркелді. Дүниежүзілік банк коронавирус пандемиясының кесі­рі­нен былтыр кедейлер санының 2 миллион 373 мың адамға жеткенін мәлімдеді.


Ұлттық статистика бюросы ұсынған кейінгі цифр да мардымсыз. Отандастарымыздың тең жартысы осы күні 50 мың теңгеге де жетпейтін табыспен күнелтуге мәжбүр. 2015 жылы ел тұрғындары – 33,9 мың, 2011 жылы халықтың жартысы 25,4 мың теңгеге өмір сүрген. Бұл жерде «өмір сүру» деудің өзі артық, сірә. Халық қалтасының түбі көрініп, қашанға дейін қымбатшылық қамытын киер екен?


Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<