Қырғызстанда 12 бала тәттіден уланды

38

0

Фото: pexels

Қырғызстанның Шу ауданы Искра ауылында 27 қарашада мектеп оқушылары кәмпит пен тәтті спрейден уланған, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Шу облысы ішкі істер басқармасының мәліметінше, 27 қарашада Тоқмақ қалалық ауруханасына Искра ауылының кәмелетке толмаған 12 тұрғыны (2012, 2009, 2008 ж.) «тамақтан улану» диагнозымен түскен. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп, барлығы үйлеріне жіберілді. Аталған факті тіркеліп, тергеуге дейінгі тексеру амалдары басталды.

Анықталғандай, 12 жастағы 7 сынып оқушысы Искра ауылындағы қоқыс полигонынан бір пакет «BEN 10» кәмпиттері мен бөтелкедегі тәтті спрейді тауып алып, мектептегі сыныптастарына берген. Артынша балалар тәттілерден уланған. Өнімдер тәркіленіп, сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Қазіргі таңда мектеп оқушыларының жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың наурыз айында Қырғызстанның Ош облысының Қара-Суу ауданында 43 мектеп оқушысы белгісіз заттан уланған болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, оқушылардың бірі әтір сеуіп, содан кейін оқушылар ауырып қалған.

Осыған дейін Қырғызстанда адамның ар-намысына тигені үшін салынатын айыппұл сомасы азайғаны туралы жаздық.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<