Қырық жыл өтсе де мәнін жоймаған

266

0

Әліге дейін есімде, 1983 жылдың 23 тамыз күні Шиелі аудандық партия комитетінің кезектен тыс пленумы болып, онда ұйымдастыру мәселесі қаралды. Пленумға облыстық партия комитетінің екінші хатшысы В.Голубенко қатысып, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне Сейілбек Шаухамановтың кандидатурасын ұсынды. Пленум ұсынысты қолдады.

Ол қызметіне кіріскен күннен бастап ауданның экономикалық және әлеу­меттік дамуына серпін беретін тың жаңашыл­дықтарды жүзеге асыра бастады. Әсіресе, тәрбиелік мағынасы да, мәні де халықтың ойынан қолдау табатын іс-шараларды қолға алды. Соның бірі – аудан орталығында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан шиелілік боздақтарға арналған «Даңқ» мемориалын салу. Мемориал бүкілхалықтық құрылыс негізінде халық қаржысына салынған.

1985 жылдың 9 мамыры, яғни Ұлы Жеңістің 40 жылдығы күні «Даңқ» ме­мо­риа­лы ашылды. Ашылу салтанатында аудан басшысының сөйлейтін сөзінің мәті­нін дайындау сол кездегі аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңге­рушісі менің үлесіме тисе де, ақырғы нұсқасы бірінші хатшының әсерлі де жан тебірентетін ойларымен жаңа мазмұн, жаңа сипат алған еді.

С.Шаухамановтың сол сөзінің мәтінін 40 жыл бойы өзіме сақтап келдім. Бүгін ба­сылым бетіне жариялауға ұсы­нып отырмын. Өйткені бұдан 40 жыл бұрынғы сөз жастарымызды Отанының пат­риоты, оны қорғауға әрқа­шан дайын болуға үн­дейді, елі­міз­дің өткенін де, бүгінгісін де ұмыт­пау­ға ша­қырады.

«Құрметті жолдастар! Ұлы Отан со­ғысының, еңбек майд­анының ардагерлері, қымбатты замандастар мен жастар, аудан еңбеккерлері!

Бүгін біздер, ауданның саяси-қоғамдық өміріндегі әдеттен тыс үлкен бір ерекше оқиғаның куәгері болып отырмыз. Бұл – Ұлы Отан соғысында құрбан болған боз­дақтардың, туған-туыс, бауырлары­мыздың алдында біздердің өтей алмаған мың да бір парызымыздың бі­рін өтеу үшін, олардың рухы әрдайым бізбен бірге болар­лықтай, ер есімі ел есінде әр­қашанда қаларлықтай бастарына көктас орнатып, мәңгілік алау шырақ жағып, ескерткіш қо­йып, еске алу салтанаты.

Ұлы Отан соғысы кеңес хал­қының басына түскен ең ауыр, ең қасіретті, қай­ғылы, қанды оқиға, адамзат тарихында бұ­рын-соңды болып көрмеген ға­ламат жантүршігерлік соғыс болды. Ол тұтқиыл­дан басталып, 1418 күн мен түнге созылды, орасан көп материалдық шығынды айт­пағанның өзінде, 20 млн совет азаматы қаза тап­ты, 20 млн жүрек соғуын тоқ­татты, 20 млн үміт мәңгі үзілді.

Осындай құрбандық, төгіл­ген қан мен тер, қажырлы еңбек, тынымсыз күндер, ұйқысыз түндер қандыбалақ зұлым жауға деген ыза мен кек, елге, туған жерге деген сүйіспеншілік пен шексіз берілгендік Отан, халық алдындағы парыз бен борыш қана еліміздің тәуелсіздігі мен бостандығын сақтап қалды. Ұлы Жеңіске жеткізді. Же­ңіс тарихта кеңес халқының ерлігі мен елдігін, бірлігі мен тірлігін, мызғымас ха­лықтар достығын бүкіл әлемге паш етті. Неміс-фашист басқыншыларының бұ­ға­уынан Еуропа елдерін азат етті. Қанішер фашизмнің күлін көкке ұшырды, ғасырлар бойы отарлықта болған көптеген бас­қа да халықтарға бас бос­тан­дығын әперді.

Дүние жүзінде баянды бей­бітшілік орнады. Кеңес халқы жанқиярлық ерлік-еңбегі­мен қысқа тарихи мерзім­де соғыс зардабын жойып, халық шаруа­шылығын қалпына келтіріп, ел бейнесін қайта жаң­ғыртты. Бірақ, 40 жыл өтсе де, соғыс зардабы, халқымыздың қайғысы мен қасіреті, еліміздің орны толмас құрбандығы ұмыты­лар емес. Ол мәңгі ұмытылмайды, жесір қалған ана, жетім қалған бала, әке мен ата деген ардақты сөзді айта алмаған бала мен немере бұл сұрапыл соғысты ұмытуы мүмкін де емес. Өйт­кені, Ұлы Отан соғысы кезінде ел басына күн туса етігімен су кешер деген мақал ескіріп, ел басына күн туғанда етігімен қан кешкен, су орнына оқ жауған кезең болды.

Соғыста біз жеңіп шықтық. Бірақ бұл жеңіс бізге аса қым­батқа түсті. Мыңдаған қалалар мен ауылдар, заводтар мен фабрикалар, шахталар қирады, орман түгілі қара жер де жанды. Миллиондаған боздақтар, талай-талай қыршындар мынау жарық дүниені, күннің көзін, ата-ана, ұл-қызын, бала-шаға, әке жүзін мәңгі көрмей көз жұмды. Отанның көптеген адал ұлдары мен қыздары кесілген қол-аяқ, тесілген өкпемен, жан-тән жарасымен елге оралды. Міне соғыс сұмдығы, міне со­ғыс зардабы осындай болды.

Соғыста біз жеңдік, өйткені біздін ісіміз әділ еді. Соғыста біз жеңдік, өйткені біздің әке­леріміз бен аналарымыз, аға­ла­рымыз бен бауырларымыз өз елінің тәуелсіздігі, өз хал­қының бостандығы, келешек ұр­пақ бақыты үшін нағыз ер­лік­пен, кіршіксіз таза арымен қаражүрек, зұлым жаумен жан аямай шайқасты. Олар ажал­мен шайқаста бір минут қобалжыған да, бір минут тол­қыған да жоқ. Кір жуып кіндік кескен туған жерін, елін алақанға салып өсірген ауылын, ақ сүтін беріп асырап, ақ батасын беріп соғысқа ат­тандырған ата-анасын, өмірлік қол ұстасқан сүйген жарын, көзінің қарашығындай мәпелеп өсірген перзентін, сол арқылы өзінің сүйікті Отаннын қорғап жатқан олар шыбындай жанын, қасықтай қанын аямай, бұрын-соңды адамзат тарихында болмаған құрбандыққа барды. Қайғы мен қасіретке көнді, адамның ең қымбатты – өз өмірін қиды.

Сол соғыс құрбандары қа­тарында біздің ауданымыздан Жеңіс үшін жанын пида еткен 1978 жерлесіміз де бар. Олардың еткен ерлігі, Жеңіске қосқан үлесі ел есінде. Қазір бүкіл аудан жұртшылығы әр­бір ұжым, әрбір отбасы олар­дың атын аса бір жоғары құр­мет­пен атап, айрықша қастер­лейді. Бүгінгі ашылған бұл ескерткіш біздің қазіргі ба­қытты тұр­мысымыз үшін өмірін қиған жерлестеріміздің өлмес рухын, өшпес бейнесін есте мәң­гі сақтау үшін, солардың жарқын, адал да абыройлы ісін алға апару үшін, келер ұрпаққа қалдырған өтініші мен өсиетін орындау үшін салынды. Әрине бұл ескерткіште олардың денесі жоқ. Бірақ туған жерге, өскен елге, халыққа, туыстар мен бауырларға деген ынтызар болып кеткен қасиетті рухы жатыр. Сол үшін де бұл ескерткіш біздің соғыс құрбаны болған жерлестерімізге деген шексіз құрметіміздің, олардың рухы алдында әрдайым адалды­ғымыздың, адамгершілігіміздің белгісі бол­мақ.

Ескерткішке Отан үшін соғыста қаза тапқан 1978 жерлесіміздің аттары алтын әріппен мәрмәр тасқа жазылып, құрметті тұғырға қойылып отыр. Бұл ескерткіш баласын майданға жіберген ақсақалдар мен ақ шашты аналар, сүйген жарынан, туған әкесінен, жақын бауырынан, апа-қа­рындасынан айырылып, жетім-жесір қал­ған аяулы жандар мұны өз ұлдарының, өз бауырларының, өз жарларының, өз әке­лерінің көзіндей көрсін, осындай батыр ұлының, жарының, әкесінің, бауырының болғанын мақтан етсін, оларды сағынғанда осында келіп еске алсын, мауқын бассын, рухына бас исін, ерлігін паш етсін деген ізгі оймен салынды. Сонымен қатар бұл ескерткіш соғыстың не екенін білмейтін, оны тек кітаптардан оқып, кинолардан ғана көрген, зеңбірек дүрсілі мен оқ-дәрі иісін сезбеген, жаппай жесірлік пен жастай жетімдік көрмеген соғыстан кейінгі жас ұрпаққа патриоттық сезім беру мақсатында осынау бақытты өмір, шат тұрмыс өзінен-өзі келмей, ол үшін аға ұрпақтың қаны төгілгенін ешуақытта естен шығармай, олардың аруағы алдында ақырын басып, әрдайым басын иетін болсын деп салынды.

Бұл мемориалды комплекс, Ұлы Отан соғысынан жеңіспен елге оралған, бұл күндері қа­та­ры сиреп, барларының жа­сы егде тартқан әкелер мен аға­ларды да ұмытпай, оларға өле-өл­генше құрмет көр­сетіп, қыз­мет істеу мақсатында салын­ды. Бұл ескерткіш «ешкім де, еш­нәрсе де ұмытылмайды» де­ген антты терең түсінген, шын ұғынған қазіргі аудан аза­мат­тарының ақ ниетімен, солар­дың өз ұсынуымен, жү­рек қа­лауымен, еліміздің тұс-тұсы­нан жа­зылған хаттар, ұсыныс-пі­кір­лер негізінде бой көтерді.

Осы ескерткішті соғу кезінде біздің сүйікті ауданымыз Шиелі халқының оның жігіттерінің, басшыларының ауызбіршілігі мен адамгершілігінің тағы да бір қайнар көзі ашылғандай болды. Олар есіл ерлерге деген пәк көңілін, ыстық ықыласын, шексіз құрметін айқын аңғартып, Отан үшін қаза тапқан боздақтар алдында мәңгілік парызын өтеуге әрқашан дайын екенін танытты. Сондықтан да бұл даңқ мемориалды комплексі аудандағы ең қа­сиетті, ең қастерлі орын болады. Әсіресе мына біздің жас жеткіншек, келер ұрпақ қадірлей де, құрметтей де, қастерлей де біледі деп сенеміз. Бұл орын қол ұстасып, көңіл қосқан қос жүректің, Отанымыздың бейбіт өмірін сақтауға аттанған әрбір жас азаматтың ақ бата алар, ант берер жеріне айналады деп үміт артамыз. Соғыста қа­за тапқан шиеліліктерге арналған бұл ес­керткіш әрқашан да гүл құшағында, аялы алақанда болсын! Ұлы Жеңіске жеткізген соғыс және еңбек майданы ардагерлерінің даңқы арта берсін, соғыс құрбандарының есімі ел есінен мәңгі өшпесін!».

Сейілбек АМАНЖОЛОВ,

еңбек және тыл ардагері,

Шиелі ауданының

құрметті азаматы