Қысқы маусымға әзірлік жақсы

175

0

Қыс мезгілі таяған сайын тұрғындар үшін ең бастысы – үйлерінде жылу мен жайлылықтың болуы. Сондықтан өңірде газбен үздіксіз әрі қауіпсіз қамтамасыз ету мәселесі әрдайым бірінші орында тұрады.

Осыған орай облыстық ком­муникациялар қызметінің ұйым­дастыруымен өткен пресс-тур барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Qazaq­Gaz Aimaq» АҚ Қызылорда фи­лиалына қарасты бірнеше газ тарату пункттерін аралап, олар­дың жұмысымен танысты. Жур­налистер нысандарда болып, ма­мандардың атқарып жатқан қыз­метін көрді және көкейіндегі сұ­рақ­тарға жауап алды.

Филиал өкілдері газ құбыр­ларының техникалық жағдайы, атқарылып жатқан жөндеу ша­ралары мен қауіпсіздік талап­та­ры жайлы баяндап берді.  Маман­дар­дың айтуынша, облыста бүгінде шамамен 148 мың абонент табиғи газға қосылған. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Газдан­дыру халықтың тұрмыс деңгейін жақсартып қана қоймай, өңір эко­номикасының дамуына да ықпал етуде. Қызылорда филиалының теңгерімінде төрт жарым мың шақырымға жуық газ құбырлары бар.

Филиал директорының мінде­тін атқарушы Бауыржан Әбдіғап­парұлының айтуы бойынша, қыс­қы маусымға дайындық биыл көктемде, сәуірдің ортасында бас­талған. Қажетті жұмыстардың барлығы тамыз айының соңына дейін аяқталады. Құбырлар мен газ реттеу пункттері тексеріліп, ақаулар түзетілді. Мамандар ар­найы оқу-жаттығулардан өтіп, кез келген жағдайға дайын.

Қысқа толық дайындықты қамтамасыз ету мақсатында ар­найы дайындық паспорты жаса­лып, ол облыстық энергетика жә­­не тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық басқармасымен келі­сіл­ген. Шара аясында оқу-жат­­ты­ғулар ұйымдастырылып, шкаф­тық және газ реттеу пункт­тері жөн­делді, жабдықтарға тех­ни­­ка­лық қыз­мет көрсетілді, ка­­тод­тық қор­­ғаныс жүйелері тексе­­рілді.

‒ Алайда бір мәселе жұмыс ба­рысына кедергі келтіруде. Ол – халықтың қарызы. Облыс бо­йынша тұрғындардың газ үшін берешегі 1 миллиард теңгеден аса­ды, ‒ дейді Б. Әбдіғаппарұлы. – Оның ішінде 700 миллионнан ас­тамы жеке үйлердің үлесінде. Заң­ға сәйкес қыс мезгілінде газды өші­руге тыйым салынғандық­тан, борышкерлерге қатысты ша­ра­лар жаз-күз айларында жүр­гі­зіледі. Осы кезеңде қарызы бар або­нент­тердің үйлеріне газ беру уақытша тоқтатылады. Тек бере­шегін толық өтегеннен кейін ға­на оларға «көгілдір отын» қайта қо­сылады.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ фи­лиалы мамандары бүгінде алдағы жылу маусымына толық дайын екенін айтып отыр. Баспасөз турға қатысқан журналистер де жүргізілген жұмыстардың ау­қы­­мына көз жеткізіп, тұрғын­дар­дың үйінде жылу мен жарықтың үздіксіз болуы үшін күнделікті еңбек етіп жүрген сала қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалады.

Б.АЙҒАЛИҰЛЫ