Италияда өткен 2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындары мәресіне жетті. Дүбірлі доданың жабылу салтанаты Италияның Кортине-д’Ампеццо қаласындағы «Стадио Олимпико дель Гьяччо» стадионында өтті.
Биыл еліміз айтулы шарада жоғары жетістікке қол созды. Отандасымыз Ербол Хамитов пара биатлоннан 4,5 шақырымдық із кесу жарысында (отырып жарысу санаты) чемпион атанса, пара шаңғы жарысынан 1 500 метрге классикалық спринт жарысында қола жүлдегер атанды. Осылайша ел құрамасы қоржынына бір алтын, бір қола түсті.
Ербол Хамитов бұған дейін де жарыстарда толағай табыстарымен жанкүйерлерді қуантып келеді. Ол пара биатлон мен пара шаңғы жарысынан Әлем чемпионатында жүлдегер болса, бірнеше мәрте Әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы атанды. Үш жыл бұрын пара шаңғы жарысынан Әлем чемпионы атанып, ел тарихында мұндай биіктіктен көрінген алғашқы пара спортшы ретінде ерекшеленді. Екі жыл бұрын пара биатлоннан Әлем кубогының жалпы есебінде мәре сызығын бірінші болып қиып, 31 жылдан кейін Қазақстанға Хрусталь глобусты қайта әкелген еді.
Айта кетсек, биыл қысқы Паралимпиада ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы пара шаңғы жарысы мен пара биатлон спорт түрлері бойынша ел намысын қорғады. Италия жерінде еліміздің атынан Ербол Хамитов, Нұрлан Әлімов, Александр Герлиц, Юрий Березин, Владислав Кобаль, Сергей Усольцев және Анна Грачева жарыс жолына шықты.
Паралимпиада ойындарына 56 елден 600-ден аса спортшы қатысып, 79 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қысқы Паралимпиадада 44 медальмен Қытай (15 алтын, 13 күміс, 16 қола) жеңімпаз атанса, одан кейінгі орындағы АҚШ (13-5-6) пен Ресей 12 (8-1-3) медаль олжалады. Ал Қазақстан 1 алтын, 1 қола жүлдемен 18-орынға жайғасты. Дүбірлі додада 27 елдің спортшылары медальға қол жеткізді.
Қазақстан алғаш рет 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында қысқы Паралимпиадаға қатысты. Онда отандасымыз Любовь Воробьева пара шаңғы жарысында күміс медаль жеңіп алған еді. Содан бері ел құрамасы жеті рет қысқы Паралимпия ойындарына қатысты. 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өткен XII қысқы Паралимпия ойындарында қазақстандық Александр Колядин 1,5 шақырым қашықтықтағы классикалық спринттік жарыста алтын медаль алып, ел тарихында қысқы Паралимпиаданың алғашқы чемпионы атанды.
2022 жылы Қытай астанасы Бейжің төрінде өткен дүбірлі дода барысында қазақстандық пара биатлоншы Александр Герлиц 10 шақырым қашықтықтағы жарыста қола жүлдеге ие болды.
Биыл Қысқы Паралимпиада қозғалысының 50 жылдық мерейтойы болды. Алғашқы қысқы Паралимпиада 1976 жылы Швецияның Эрншёльдсвик қаласында жалауын көтерген еді. Енді 2030 жылғы қысқы Паралимпиада ойындары Франция Альпісінде өтеді.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





