Қытайлық инвесторлармен кездесті

219

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қытайлық инвесторлармен кездесіп, өңірде шыны талшық өндіру зауытын және күн-электр станциясын салу жобаларын талқылады. Аймақ басшысы облыстың бұл бағытта айтарлықтай әлеуетке ие екенін атап өтті.

– Облыс аумағында шыны талшық өндірісін толық көлемде іске қосу үшін қажетті минералды шикізаттың бай қоры бар. Бұл өндіріс үшін кварц құмы, бор ангидриді, сода, натрий сульфаты, калий, әктас, доломит, маг­незит, глинозем, қорғасын оксид­тері сияқты шикізаттар қажет. Осы ми­нералдардың барлығы облыс ау­мағында қолжетімді, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Аймақтың географиялық орна­ласуы мен климаттық жағдайы күн мен жел энергиясын молынан өндіруге мүмкіндік береді. Бүгінде облыста жалпы қуаты 89 МВт болатын 9 күн-электр станциясы жұмыс істейді. Оның үшеуі шетелдік инвесторлардың қатысуымен салынған. Қуаттылығы 201,5 МВт болатын тағы 6 жоба қолға алынған.

Мамандардың айтуынша, облыста күн энергиясының әлеуеті жылына 32 триллион кВт/сағат, ал жел энергиясы 2,7 триллион кВт/сағат. Күн сәулесінің түсу ұзақтығы орта есеппен 3000 сағатқа дейін жететінін ескерсек, бұл бағытта жаңа жобаларды жүзеге асыруға өте қолайлы жағдай қалыптасқан.

Аймақ басшысы қытайлық инвес­торларға жоба­ларды орналастыру үшін «Қорқыт Ата» арнайы эконо­микалық аймағын ұсынды. АЭА қа­тысушыларына Қазақстан Респуб­ликасының заңнамасына сәйкес бір­­­­қатар салықтық және кедендік жеңіл­­дік­тер беріледі. Оларды кор­поративтік табыс салығы, кедендік баждар, жер және мүлік салығынан, жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлемақыдан босату қарастырылған.

Бұдан бөлек, мемлекет жобаларды іске асыру үшін қажетті инженерлік-коммуникациялық инфра­құрылыммен қамтамасыз етеді және кейіннен сатып алу құқығымен жер учаскесін тегін жалға береді.

Кездесу соңында аймақ басшысы әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.