Қыз тәрбиесі

298

0

Фото: Ашық дереккөз

«Қызым үйде қылығы түзде» демекші, қыз баланың жүріс-тұрысы мен киім киісі тәрбиенің негізі болып саналады. Жасыратыны жоқ кейбір ата-ананың баласымен араласуға да уақыты жоқ. Осыдан барып бала әке шешесінен суып, арадағы сыйластықтан алыстай бастайды. Бала кезінен жылылық мейірімді көрмеген адам баласы жүрегін бойлаған суық ызғардың өшін өзгелерден алатын қатыгездікпен өседі.

Ұлттық тәрбиемізге келсек, қыз баласы барынша ашылмаған жұмбақ болуы тиіс, сонда ғана қадірі болады. Қыз баланы қазақта кішкентайынан мәпелеп, аялап, қанаттыға қақтырмай өсірген. Жалғандағы нәзіктік пен пәктікті, инабаттылықты әрбір қазақ қызының бойынан көруге болатын. Қыз баланың көрікті болып өсуіне ертеде аналары ерекше көңіл белген. «Аттың көркі жалы, арудың көркі шашы» деп білетін аналарымыз қыздың шашын дұрыстап, күтіп өсіруді өнер санаған. Шаштарын қос бұрым немесе бестемше етіп өру бойжеткен қыздардың көркі болған. Мысалы, халық жырларында аруларды «Шашының ұзындығы ізін басты» немесе «Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген», «Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты» деп сипаттаған.

Үлкендеріміз бұрын үйге қыз баласы жақындағанын бұрымындағы шашбауының дыбысынан естіп етек-жеңін дұрыстап реттеле бастаған. Қыздың көзінше әдеп сақтаған. Солай десек те, қазір көп жасөспірім қыздарымыз ізеттілікті ұмытып, бір-біріне сыйластық көрсетудің орнына дауыс көтеріп, дөрекі сөйлейтін, тіпті төбелесетін жағдайлар кездесіп жатады. Негізінде, қызға қатты сөйлеп, қарқылдап күліп, қалай болса болай, ашық-шашық киінудің өзі ұят!

Қазақ халқына әндері кеңінен таралған компазитор Рамазан Таймановтың ақын Исраил Сапарбайдың сөзіне жазылған  «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деген өлеңінен үзінді алсақ:

Мен қазақ қыздарына қайран қалам,

Жанары, жаны жаздай жайрандаған.

Қыз өссе-елдің көркі-деген сөзді

Қапысыз қалай айтқан қайран бабам, – деген жыр шумағына көп мағына сыйып тұр. Дана халқымыз бекер айтпаған, жоғарыда айтылған өлең жолдарына сай Қыз Жібектей, Баян сұлудай арулардың ізін бассақ алар белесіміз зор болмақ. Тәуелсіз еліміздің одан әрі дамуы жолында, ұлт мүддесін қорғауда әжелеріміз бойымызға сіңірген тәлім тәрбиені ешқашан жоғалтпауға тиіспіз. Ұлт болашағын ойласақ, қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу қажет. Өйткені қыз бала – болашақ ана, жанұяның ұйытқұсы, аяулы жар, өмір жалғасының кепілі.

Жанерке МУСА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің 1 курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<