Шиелілік Мұхтар Шохаевтың еккен қызанағы брендке айналған. Диқан өнімі Ресейге де жөнелтілуде, еліміздің кез келген өңірінен тапсырыс берушілер жылдан жылға көбейіп келеді. Қызанағы табиғи, таза, себебі органикалық тыңайтқыштарды қолданады. Биыл 25 гектар жерге 11 сортын егіп, мол өнім алды, 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Шаруаның алқабында жұмыс қызу. Дақылдың сан түрін еккендіктен өнім мол. Қазір несібесін шашпай-төкпей жинап алуда. Қызанақты алқап басынан әкетіп жатыр.
Әлеуметтік желіде де белсенді диқан білгенін, жинаған тәжірибесін өзгелермен бөлісіп отырады. Айтуынша, шаруа екі нәрседен қателеспеу керек. Бірінші – топырақ таңдаудан, екінші – тұқымнан. Ол жергілікті тұқымнан бөлек, кейінгі кездері түріктің, Голландия мен Израильден келген өнімді сынап көруде.
– Бала кезден егін егіп өстік. Кейін ұстаздық жолды таңдадым. Мектепте мұғалім болдым. Бірақ сол бала күнгі жаныма жақын егіншілікке қайта бет бұрдым. Алғашында картоп егіп бастадым. Бейнеті аз емес. Қара күзге дейін күтім жасалады. 2017 жылдан қызанақ егуге көштім.
Жылда бір дақылды еге берсең, уақыт өте келе ол да ескіреді. Құбылмалы ауа райына қарсы тұра алмай, ауырады. Сол үшін жаңа сортты шығаруға, оны бейімдеуге байланысты зерттеу жүргіземін. Биыл қызанақтың 11 сортын ексем, 50 түрі сынақтан өтуде. Әзірге нәтиже жаман емес, –дейді ол.
Жер-ананың бабын тауып, шаруасын дөңгеленткен ол егін науқанына ерте қамданады. Ақпан айында есіктің алдына тұқым сеуіп, көшет шығарады. Сәуірде қызанақ егуді бастаса, наурызда алқапқа көшеді. Басында жатып, әр түптің ауырмай, жетілуін бақылайды. Осылайша тынымсыз еңбектің арқасында мамырдан бастап қияр жинап, алғашқы өнімге қол жеткізеді. Шаруа 2019 жылы алғашқылардың бірі болып, тамшылатып суару әдісін қолға алды.
– Қолға алған істен нәтиже көру үшін кез келген қиындықты еңсеруге тура келеді. Көшет ектім, енді мол өнім аламын деген қате пікір. Өсімдік те бабы болмаса ауырады, уақыт өте тұқым тозады, жерде күтімі болмаса құнарын жоғалтады.
Мұндай жағдайдың алдын алуда ізденіс керек. Көшет егілген күннен бастап, алқаптың басында боламын. Уақытылы суарып, органикалық минералды тыңайтқышты мөлшерімен беремін, арамшөбін жұлып, дақылды балаша күтемін. Тыңайтқыштың «Бионұр», «Guminkz» сынды түрін пайдаланамын. Қазір егін басында қызу тіршілік. Қорапқа салынған қызанақтар өзге өңірлерге, жеке тапсырыс берушілерге жөнелтілуде. Бастысы, қызанақ жолға жарамды. Жинау науқанына ауыл тұрғындары тартылған. Оларға күнделікті ақысын төлеймін. Мәселен, жұмыс күндері 30-35 адам еңбек етсе, демалыс күндері теруге 50 адамдай келеді, – дейді ол.
Айтуынша қызанақтың «Ерке F1», «Таня» сорттары сұранысқа ие. Бұл – өнімді мол беретін тұқым, дәмді әрі сулы.
– Алдағы 3-4 күнде ауа райы суытады екен. Сол себепті өнім жинауды тоқтаттым. Себебі үсіп кетеді. Қайта үстін жауып, суықтан қорғауға қамданып жатырмыз. Біздің ендігі мақсатымыз – жауын-шашын, аяз түсіп кетпей барлығын жинап алу, – дейді диқан.
Мұхтар жаңа тұқым аларда, тыңайтқыштарды қолдануда тәжірибелі мамандармен ақылдасып отырады. Содан болар, бір түп қызанағы ауырмайды. Зерттеп жүрген жаңа сорты нәтижесін береді. Міне, еңбектің жемісі!
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





