Қызметтік және арнайы көліктер тапсырылды

276

0

Фото: облыс әкімдігі

«Өнер орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен су, балық шаруашылығы, ветеринария қызметкерлері күніне орай салтанатты шара өтті. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбенов, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері мен сала қызметкерлері қатысты.

Аймақ басшысы су, балық, мал шаруашылығы және ветеринария салаларында атқарылған жұмыстарды саралап, жиналған жұртшылықты кәсіби мерекемен құттықтады.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз!

Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек» деді. Бұл – экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік прогрестің басты факторы ретінде жұмысшы кәсіптерінің рөлін күшейтудегі стратегиялық қадам.

Күні кеше Мемлекет басшысы су шаруашылығы қызметкерлерін Ақордада қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады. Салтанатты қабылдауда жерлестеріміз, сала ардагері Сұлтанбек Тәуіпбаев «Парасат» орденімен, «Шиелі­сушар» өндірістік учаскесінің бас­шысы Дихан Әубәкіров, «Қы­зылорда су торабы» өндірістік учаскесінің аға инженер-гидро­технигі Мақсұт Өтеулиев «Құр­мет» орденімен наградталды. Бұл – аймағымыздағы су шаруа­шылығы саласында атқарылған жұмыстарға берілген жоғары баға.

Алаштың анасы атанған Сыр елі еңбегімен елге сыйлы, өмір жолы жас ұрпаққа өнеге болған абзал да адал жандарға, еңбек адамдарына кенде емес. Біз еңбеккерлерге лайықты құрмет көрсетіп, ғибратты ғұмырын жастарға үлгі-өнеге етуді дәстүрге айналдырып келеміз. Бұл – біздің басты парызымыз, – деді облыс әкімі.

Салтанатты шарада «Құрмет» орденімен су шаруашылығы саласының ардагері Бегеш Жақып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Қазалы су торабы» өндірістік учаскесінің басшысы Болат Асербаев, «Су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен ардагер Әділхан Қарлыханов марапатталды.

Саланың дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар қызметкерге ҚР Премьер-министрінің Алғыс хаты, «Балық шаруашылығы сала­сына еңбек сіңірген қыз­меткер» құрметті атағы, «Ауыл шаруа­шылығы саласының үздігі» төсбелгісі, «Еңбек ардагері» медалі, «Су шаруашылығының ардагері» және «Қазақстан Рес­публикасы су шаруа­шылығының үздігі» төсбелгісі табысталды.

Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары және ирригация министрлерінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, облыс әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.

Іс-шарада 42 қызметтік авто­көлік пен 65 арнайы тех­никаның кілті аталған салалардың меке­мелеріне берілді.

«СБ» ақпарат