Қызылорда-Ақтөбе аралығында жылдамдық өлшеу құрылғылары іске қосылды

5

0

Фото: Қызылорда өңірлік коммуникация қызметі

Қызылорда облыстық полиция департаментінің жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысы нәтижесінде биыл қаңтар айында жол-көлік оқиғалары 13,7%, қаза болғандар 25%, жарақат алғандар саны 20,6%-ға төмендеді.

Бүгінгі күні өңірде жол үстіндегі құқықбұзушылықты автоматты түрде анықтайтын 124 құрылғы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. 

— Олардың көмегімен есепті кезеңде 7 мыңға жуық құқықбұзушылық анықталды. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша 10 «Sunqar» автоматтандырылған құрылғысы қаладағы негізгі көшелер мен қиылыстарға қойылды. Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 6 стационарлық бақылау аркасында орташа жылдамдықты өлшеу құрылғылары іске қосылды, — деді департаменттің әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Нұркен Бақтияров.

Тәртіп сақшылары республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында бақылауды күшейтті. 32 елді мекеннің учаскелік полиция инспекторлары қызметтік автокөліктерімен күн сайын белгілі бір уақытта қосымша күш ретінде кезекшілікке шығады. 

— Жол бойында жүргізушілерге ескерту үшін қауіпті аймақтар мен үй жануарлары шығуы мүмкін 51 аумақ туралы мәліметті «Яндекс» навигациялық қосымшасына енгізуді ұсынып отырмыз. Ал өрескел құқықбұзушылықтарды анықтау мақсатында ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданысқа берілді. Әрбір қылмыс пен жол-көлік оқиғалары талданып, жеке құрам мен күш-құралдары жол апаты жиі болатын аумақтарға шоғырланды, — деді департамент өкілі.