Күні кеше яғни, 7 ақпан күні Ақтөбе облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» тас жолының 1240-1360 шақырым аралығы мен Арал қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралықта көлік қозғалысына шектеу қойылды.
Қазіргі таңда төтеншеліктер мен жол қауіпсіздігіне жауапты мамандар тас жолды қардан тазартып, көлік қозғалысын реттеу жұмыстарын жүргізуде. Осыған байланысты облыс тұрғындары ұзақ сапарға шығуға болмайтынын ескертеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ТЖД бастығының орынбасары Нұрсұлтан Ибрагимов хабарлады.
– 7 ақпан күні республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автомобиль жолының Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралықта барлық транзиттік көліктердің қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Қазіргі таңда жабылған жол участегінде «ҚазАвтожол» АҚ Қызылорда облысы филиалының 13 бірлік жол тазалау техникасы мен 18 жұмысшысы жұмылдырылды. Сондай-ақ, 400 тонна инертті материал дайындалды. Бұдан бөлек, 3 жерде (Арал, Қазалы, Қармақшы) жылыту пунктері қамтылған. Ал облыс аумағында 59 жинақтау және 69 қабылдау эвакуациялау пункты бар. Осы ретте облыс тұрғындарына айтарымыз, ауа райының күрт суытуына байланысты ұзақ сапарға шықпауларыңызды сұраймыз. Сондай-ақ, құтқару қызметінің SMS хабарламаларын елеусіз қалдырмаңыздар. Жолдардың жабылуы немесе ашылуы туралы ақпаратты «Дармен» мобильді қосымшасынан немесе ТЖД байланыс номері 55-10-76 сенім телефонына хабарласа аласыздар. Жолда абай болайық, – деді Нұрсұлтан Жаңабайұлы.
Айта кетейік, «Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының мәліметінше, Ақтөбе облысында 9, 12-14 ақпан күндері қар, бұрқасын, көктайғақ күтілуде. Сондай-ақ, 15-20 м/с-қа дейін жел күшейеді. Ал ауа температурасы -33 градусқа дейін төмендеп, қатты аяз болжануда.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<