2025 жыл аймақтың инфрақұрылымдық дамуы тұрғысынан табысты кезең ретінде тарихқа енді. Жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облысты газдандыру деңгейі 83 пайызға жетіп, өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған іргелі бастамалар өз жемісін берді.
Аймақта 10 608 шақырым электр желісі мен кернеуліктері және 2 058 қосалқы станция болса, 2025 жылы соның 280 шақырым электр желісін және 87 дана қосалқы станциялар қайта жаңғыртудан өткен. Энергетика басқармасы тарапынан Шиелі кентіндегі 220 кВ қосалқы станция мен Қызылорда қаласындағы әуе желілері қайта жаңғыртудан өткізіліп, тұтынушылар үздіксіз электр энергиясымен қамтамыз етілуде. Мұндай жемісті жұмыс Жаңақорған кентінде де жалғасқан. Ауданның электр желілері толығымен қайта жаңғыртылып, кент тұрғындарының пайдалануына берілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин айтты.
Өңірде 11 елді мекен көгілдір отынға қосылып, 17 мыңға жуық тұрғын табиғи газ тұтыну мүмкіндігіне ие болды.
«Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша облысты газдандыру деңгейі 83 пайызға жетті. 2026 жылы электр энергиясымен қамту бағытында 7 жоба, газдандыру саласында 14 жоба, ауыз сумен жабдықтау бойынша 7 жоба жүзеге асырылады. Бұл бастамалар өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді», – деді басқарма басшысы.
Ауыз сумен қамту мәселесінде де ілгерілеу бар. 2025 жылы Арал ауданындағы Ақбасты, Абай, Тоқабай, Ерімбетжаға, Тастүбек елді мекендері топтық су құбырына қосылды. Қазалы ауданындағы Шәкен, Шитүбек, Сарбұлақ, Шилі ауылдарында ішкі су жүйелері салынып, екі елді мекенге су тұшытқыш қондырғылары орнатылды. Бұл тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы маңызды шешім.
«Жылу желілерін жаңғырту да назардан тыс қалған жоқ. 2025 жылы бюджет есебінен 6 жоба жүзеге асырылып, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 2 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, инвестор – «Акса Энерджи» түрік компаниясы тарапынан жылу орталығы тесттік режимде іске қосылып, 176 мегаватт электр энергиясын өндіру мүмкіндігіне ие болды. Алдағы уақытта бу турбинасы іске қосылып, қосымша 95 мегаватт электр энергиясын өндіру көзделіп отыр. Инвестициялық шартқа сәйкес станцияны толық іске қосу 2026 жылдың бірінші жартыжылдыға жоспарланған», – деді Медет Усаин.
Өңірлік коммуникациялар қызметі






