Қызылорда облысында күріш егісі сәуірде басталады

482

0

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Қызылорда облысында биыл 187 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Оның ішінде күріш көлемі 83,9 мың гектарды құрайды, деп хабарлады Қазақпарат.

Облыста егіс көлемі Сырдария өзені арқылы келетін судың деңгейіне тікелей қатысты. Бүгінде «Шардара» су қоймасындағы су көлемі 4,6 млрд текше метрді құрайды. Қоймаға жоғары бөліктен секундына 1 216,8 метр куб су түсіп жатыр. Төменгі бөлікке секундына 500 текше метр су жіберілуде. Былтыр дәл осы кезеңде ол 800 текше метрді құраған еді. Ал «Көксарай» су реттегішінде қазір 921,4 млн текше метр су жинақталған. Облыс шекарасына Көктөбе су бекеті арқылы секундына 240 текше метр су келуде.

Сырдария өзеніндегі су жағдайына байланысты «Қазсушар» РМК филиалының болжамды есебі бойынша биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарын 187 мың гектарға егу болжануда. Оның ішінде күріш көлемі – 83,9 мың гектар.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, дәндi дақылдар – 93,7, майлы дақылдар – 5, мал азықтық дақылдар – 71, картоп, көкөнiс, бақша – 17,3 мың гектарға жоспарланып отыр. Биылғы жылдың егісі үшін былтыр күз мезгілінде ауыл шаруашылығы құрылымдары тарапынан 3,7 мың гектар күздік бидай егіліп, 50,6 мың гектар сүдігер айдау қамтамасыз етілді.

«Облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті іс-шаралар қолға алынған. Бұл бағытта жергілікті тұрғындар өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен дайындауы үшін қосымша жер дайындауға мән беріліп отыр. Осы орайда облыс басшылығы тарапынан Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне тиісті тапсырма берілген. Көктемгі егіске облыс бойынша 21 304 тонна күріш тұқымы құйылды. Оның ішінде құйылған күріш тұқымының 25 тоннасы – көбейтілген тұқым, 48,4 тоннасы супер элита, 448,5 тоннасы элита, қалғаны І-ІІІ репродукциялы тұқымды құрайды. Сондай-ақ, биылғы егіске облыс бойынша 992 тонна жаздық, 736 тонна күздік бидай, 58,4 тонна арпа, 10,8 тонна тары, 67,6 тонна дәндік жүгері, 5,0 тонна күнбағыс, 107 тонна мақсары, 13,5 тонна соя, 21,8 тонна сүрлемдік жүгері және 298 тонна жоңышқа тұқымы жинақталған. Егіске қажетті 61,0 мың тонна минералдық тыңайтқыштың 38,1 мың тоннасы сатып алынды. Шаруашылықтар минералдық тыңайтқыштарды жеткізуші мекемелермен келісім-шарт жасау арқылы сатып алынуда», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасынан.

Қолдағы мәліметке сүйенсек, биыл шаруашылық құрылымдарының есебіндегі барлығы 3799 ауыл шаруашылығы техникалары көктемгі дала жұмыстарына қатысады. Олардың 3325-і қазірге дейін жөндеуден өткізілді. Былтыр 9,3 млрд, теңгені құрайтын 253 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, машина-трактор паркі 4,5%-ға жаңартылды. Көктемгі егіс егу және дала жұмыстарын жүргізуге 12,9 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп отыр.

«Арзандатылған дизель отынын өңірге жеткізуші өңірлік операторларды айқындау мақсатында облыстық комиссияның 1 ақпаны күні өткізілген отырысында 4 операторлар айқындалды. Олардың қатарында «Жібек жолы ЛТД» ЖШС, «РК Мұнай» ЖШС, «Жаңақорған ОЙЛ» ЖШС, «Petro Retail» ЖШС бар. Бекітілген кестеге сәйкес ақпан айына бөлінген 3,5 мың тоннасына жергілікті операторлар арқылы толықтай келісім-шарт жасалып, оның 3,1 мың тоннасына қаржысы төленді. Қазірге дейін зауыттан 2,4 мың тоннасы тиеліп, облысқа 953,5 тоннасы жеткізілді. Осы жеткізілген дизель отынының бүгінгі күнге 640,3 тоннаның 1 литрін 247-250 теңге аралығында шаруашылықтарға босатылуда. Көктемгі дала және егін егу жұмыстарының атқарылу барысы тұрақты бақылауда», – деп толықтырды облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасынан.

Басты дақыл күріш егу жылдағы дәстүр бойынша сәуір айында басталады деп күтілуде. Диқандар тарапынан оған барлық әзірлік жұмыстары қолға алынып отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<