Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Ақтөбе ауылында қатарынан үш рет егіз босанған келіншек тұрады, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жанбота Өтебәлиева – Арал ауданының 1987 жылғы тумасы. Сонда білім алды. Мектеп бітірген бойда өмірлік серігі Еркін Раевты жолықтырып, Қармақшы өңіріне келін боп түсті. Бүгінде сегіз баланы бағып-қағып отыр. Бұл отбасының бір ерекшелігі, олардың арасында бір емес, үш бірдей егіз бар. Егіздердің алды – Әсел мен Әсет тоғыз жаста. 2016 жылы тағы егіз балалар – Ғазиза мен Фариза дүниеге келіп, Раевтар отбасының қуанышы еселене түсті. Ал Әлихан мен Әлижанды Жанбота былтыр желтоқсанда ғана босанды.
«Бәрін табиғи жолмен босандым. Егіз болса да балаларым бір-біріне қатты ұқсамайды. Бірақ біреуі ауырса, екіншісі де қоса ауырады. Бір-бірімен өте бауырмал. Сабақ үлгерімдері өте жақсы. Әсет пен Әсел Фируза апайының ізін қуып, ұстаз болғысы келеді. Ғазиза кішкентай кезінде «мектеп директоры боламын» дейтін. Қазір «әуелі өсіп алайыншы» дейтін болды. Оның сыңары Фариза ауыл әкімі болуды армандайтын», – деді көпбалалы келіншек.
Ғалымдардың пайымдауынша, балалардың егіз болуына тұқымқуалаушылық та әсер етеді. Егер әйелдің отбасында егіздер дүниеге келген болса онда оның бір уақытта екі бала туу мүмкіндігі жоғары. Ерлі-зайыптылардың екеуі де көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Дегенмен біз айтып отырған ерекшелік балаларға нағашысы жағынан дарыған екен.
Назерке САНИЯЗОВА
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<