Қызылордада «Мен кәсіпкер» жобасы басталды

616

0

Биыл Қызылорда облысында «Мен кәсіпкер» жобасы аясында 600-ге жуық азаматқа қызмет көрсетілмек. Жобаны Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырады.

«Мен кәсіпкер» – «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жүзеге асырылып жатыр. Ол жаңа жоба. Бірнеше саланы қамтиды.

Негізгі екі бағыты бар:

– әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы;

– кәсіпке бағыт.

«Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» бағыты аясында Кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері кеңес беріп, олардың қажеттіліктерін анықтайды. Одан кейін сұранысын анықтап, соған сәйкес қыз-келіншектерді оқытады.

«Қыз-келіншектерге кеңес беріп, оқытып алғаннан кейін тәлімгермен қамтамасыз етеміз. Тәлімгер кәсібін жүргізуге, дамытуға үлес қосады. Одан кейін кәсібін бағалатып, түрлі қаржы институттарынан қаржы алуды үйретеміз. Бұл бағыттың нәтижесі жобаға қатысқан қыз-келіншектер өз өнімін шығарып бастауы болмақ», – дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

«Мен кәсіпкер» жобасының «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» бағытына тек қана қыз-келіншектер ғана қатыса алады.

Ал «Кәсіпке бағытқа» ер азаматтар да, әйелдер де қатыса алады. Негізгі талабы – кәсіпкер болуы керек, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлерге басымдық беріледі.

«Бұл бағытқа қатысушылар өтінім беріп, оқитын бағыттарын анықтап алады. Ары қарай оқытатын салалық сарапшылар пулын қалыптастырамыз. Олар жобаға қатысушы кәсіпкерлердің біліктілігін арттырып, олардың кәсіптерін алты ай сүйемелдейді», – деді Палата басшысы.

Қазір Кәсіпкерлер палатасында «Мен кәсіпкер» жобасы аясында жұмыс істейтін арнайы кеңесшілер бар. Жобаға қызығушылық танытқан азаматтар Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына хабарласуына болады. Тел.: 8 /7242/ 40-09-81. 

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<