Қызылордада қадағалаусыз 3 жасөспірім бейімдеу орталығына жатқызылды

206

0

Фото: Qyzylorda PD

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Әлдешов Рауан Қырымұлының қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті.

Брифинг барысында еліміздің болашағы жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасының өту барысы туралы айтылды.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес 10 сәуір – 6 мамыр аралығында облыс көлемінде республикалық «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Бұл шараның мақсаты – жасөспірімдер қылмысының алдын алу және профилактикасы, оның ішінде білім беру ұйымдарының оқушылары арасындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, қоғамдық орындарда және көшелерде бұзақылықтың жолын кесу, сондай-ақ балаларға қатысты қылмыстық қол сұғушылықтардың алдын алу болып табылады.

Іс шараға бірлесіп қатысу үшін Білім, Денсаулық, Жұмыспен қамту, Қоғамдық даму басқармаларына, Жастар ресурстық орталығына және Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына хаттар жолданып, қазіргі таңда бірлесіп тиісті жұмыстар атқарылуда.

4 күннің нәтижесімен барлығы 264 түрлі әкімшілік хаттамалар ресімделсе, 5 кәмелетке толмаған ішкі істер органдарының есебіне алынды. Қадағалаусыз және панасыз қалған 3 жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жатқызылса, 2 жасөспірім тыйым салынған заттарды алып жүргені үшін полиция бөлімдеріне жеткізілді.

Ата-ананың немесе басқа да заңды өкілдердің балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін барлығы 30 ата-анаға хаттама толтырылды.

Жиырма бір жасқа толмаған адамдарға темекіні және темекі бұйымдарын сату бойынша 1 құқық бұзушылық анықталды.

Кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылықтың 7 дерегі анықталып, олардың заңды өкілдеріне хаттама толтырылды.

Түнгі тыныштықты бұзу бойынша 3 және қоғамдық орындарда тиісу бойынша 3 кәмелетке толмаған анықталды. Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-тің 442-бабы бойынша (сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін кәмелетке толмағандар түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде болуы және сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын жайдан тыс жерде болуы) барлығы 211 кәмелетке толмаған анықталып, олардың заңды өкілдеріне хаттама толтырылды.

Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту және (немесе) бағып-күту жөніндегі өздерінің міндеттерін орындамайтын, олардың мінез-құлқына теріс әсер ететін кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдерінің профилактикалық есебіне 10 ата-ана алынды.

Бұдан бөлек, Есірткіге қарсы іс – қимыл басқармасымен «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне синтетикалық есірткі заттарын жарнамалайтын 25 дүкен бұғатталды.

«Құрметті облыс тұрғындары мен қонақтары! Тек полиция күшімен кәмелеттік жасқа толмағандардың және оларға қарсы жасалатын қылмыстарды тыю мүмкін емес.

Сол себептен, барлығымыз бала тәрбиесіне аса көңіл бөліп, ұл, қыздарымызға күнделікті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырсақ, оң нәтижесін беретіні анық.

Осы мақсатта ата-аналар тарапынан балалардың беймезгіл уақытта, яғни сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін ойын-сауық, қоғамдық орындар мен көшелерге шықпауын қадағалап, олардың араласып жүрген ортасына мән беру керектігін ескертіп өткім келеді» деді Р.Әлдешов.

«Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы 6 мамырға дейін жалғасатын болады. Іс-шара кезінде облыс көлемінде полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кәмелетке толмағандардың көп жиналатын орындарында рейдтік іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<