Қызылордада сотталған адамға кәмпит ішіне жасырылған есірткі өткізбек болған азаматша ұсталды

336

0

Фото: МКД МО

Қызылордада жазасын өтеп жатқан тұрғынға тәтті кәмпитпен бірге белгісіз ақ ұнтақты өткізуге неиеттенген әйел адамның әрекеті әшкере болды.

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №60 мекемесінде тыйым салынған заттарды өткізу әрекеті анықталып, дер кезінде тоқтатылды. Жазасын өтеушіге кәмпит ішіне жасырылған есірткі заттарын жеткізуге тырысқан азаматша ұсталды.

– Азаматша қарақшылық үшін жазасын өтеп жатқан сотталғанға ақ түсті 12 қағазға оралған кәмпит пен белгісіз ақ ұнтақты алып келген. Оған қатысты Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақырылды. Тергеу барысында өзіне тән өткір иісі бар жасыл түсті және ақ ұнтақ заттар тәркіленіп, сот-химиялық сараптама тағайындалды. Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттардың 31,99 грамм кептірілген марихуана және 0,41 грамм мефедрон екені анықталды, – деп мәлім етті Қызылорда облыстық Полиция департаментінен.

Ведомство мәліметінше, аталған дерекке байланысты әйел кісіге ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған бес адам сотталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<