«Қазақстан Ұлттық Урбан Форумы – 2025» аясында Қызылордада елдегі қалалардың даму болашағы, климаттық тұрақтылық, инфрақұрылым мен инклюзивтілік мәселелері талқыланды. Форумға әлемдік сарапшылар мен халықаралық ұйым өкілдері қатысты.
Олардың бірі, URBAN LIVING серіктесі, Marini Urbanismo компаниясының негізін қалаушы Риккардо Марини Қызылордаға келген әсерімен бөлісті:
– Мұнда болу – мен үшін үлкен құрмет. Қызылордаға алғаш рет келіп тұрмын және қаладағы жылдам оң өзгерістерге таңғалдым. Қала таза, заманауи, инфрақұрылымы жоғары деңгейде. Қалаға кеше таңғы 11-де келдім. Содан бері қаланы аздап аралап үлгердім. Маған Қызылорданың заманауи нысандарын көрсетті. Барлығы жаңа, таза әрі сапалы салынған. Мен қаланың тазалығы туралы көп естідім, және бұл рас екен.
Бүгін урбанизация туралы – оның әрбір азаматтың күнделікті өмір сапасына қалай әсер ететіні жайлы айту маңызды. Бұл процесте ең бастысы – адамдар, балалар мен студенттер. Қала – бизнес үшін емес, адам үшін болуы керек.
Қазақстанда бірнеше жобамен айналысып жатырмын. Алматыдағы Шымбұлақ ауылын қайта дамыту – Президент Тоқаевтың туризмді дамыту бастамасының бір бөлігі. Сонымен қатар, Үкіметпен бір ерекше жобада жұмыс істеп жатырмын (құпия келісімге байланысты толық айта алмаймын).
Қазақстанның табиғатына таң қалдым – ел өте көркем әрі әртүрлі. Мен Алматыда орналасқан Urban Living компаниясында жұмыс істеймін. Бұл – менің қазақ серіктесіммен бірге құрған компаниям.
Қазақстанда өмір сүруді өзім таңдадым. Өкінішке қарай, қазақша да, орысша да сөйлемеймін. Бірақ қазақша бір сөзді білемін – рақмет!
Өңірлік коммуникациялар қызметі





