Бүгін Қызылордалық полицейлер жергілікті шаруа қожалығының жоғалып кеткен бақташыларын тапты.
Олар Жалағаш ауданы Қаракеткен ауылынан жайылымдағы малды іздеп шыққан. Жайылымдық жерден уақытында оралмаған бақташыларды отбасы мүшелері іздеген. Алайда нәтиже болмағандықтан полицияға жүгінген.
– Аталған дерек Жалағаш аудандық полиция бөліміне тіркеліп, адам жоғалу дерегі бойынша қажетті шаралар жүргізілді. Хабар түсе салысымен полиция қызметкерлері дереу іздестіру жұмыстарын бастап, жедел әрекетке кірісті. Полицейлер, Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері, ауыл тұрғындарынан арнайы топ құрылып, жоғалған бақташыларды іздестіру жұмыстары жүргізілді. 9 сағатқа жалғасқан іздестіру жұмыстары сәтті аяқталды. Бүгін сағат 16:00 шамасында бөлімнің учаскелік полиция инспекторы кенттен 160 шақырым жерде орналасқан Жалағаш ауданына қарасты Шақ-Шақ далалық жерден жоғалған бақташыларды аман тапты, – делінген ПД баспасөз қызметінің таратқан ақпаратында.
Тұрғындар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне риясыз алғысын білдірді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<