Қызылордалық азаматтар құрмет төрінде

138

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Олардың арасында Қызылорда облысының да еңбекқор азаматтары бар. Мәртебелі марапат төрінен көрінген жерлестеріміз бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында қонақ болып, өз әсерлерімен бөлісті.

– Мен бұл мемлекеттік награданы Мемлекет басшысының қолынан алдым. Бұл мен үшін үлкен қуаныш, орны бөлек мәртебе болды. «Құрмет» ордені тек менің емес, барлық еліміздің сушыларына, оның ішінде Сыр елінің сушыларына берілген марапат деп есептеймін. Өздеріңіз білесіздер, ел Президенті өз Жолдауында ендігі наградалардың бәрін жұмысшыларға, сушыларға, геологтар мен шахтерларға және техникалық қызметкерлерге береміз деген болатын. Бұл марапаттар соның бір көрінісі болды. Ең алғаш осы салаға «еліме адал қызмет етсем» деген ниетпен келген едім. Міне, бүгінде соған 44 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында өзге өңірлерден де шақыртулар болды, десек те мен өз еліме, өз жеріме қызмет етуді таңдадым. Соның арқасында еңбегім бағаланып, үлкен наградаға ие болып отырмын, – деді облыстық мәлихаттың депутаты, «Құрмет» орденінің иегері Жорабек Нұрымбетов.

– Марапат адамға стимул береді. Тоқсаныншы жылдардан бергі үш он жылдықта елдің дамуында, халықтың тұрмыс-тіршілігінің өсуінде, жалпы экономиканың өрлеуінде үлкен өзгерістер бар. Оның ішінде біздің облысымыз бүгінгі деңгейде дейін халықтың жүріп өткен жолы, облыстың даму қадамдары оңайға түскен жоқ. Бүгінгідей экономиканың қалыпты жағдайға жетіп, тіпті, өрлеуге аяқ басқан кезеңіне дейінгі еңбектің бағалануы біз үшін стимул деп айтқым келеді. Шынын айтқанда, басқа облыстармен, қалалармен салыстырғанда біздің қаламыздың, облыстың келбеті, жағдайы, экономикалық әлеуеті мақтанарлық жағдайда. Сондықтан да журналист ретінде де осы үлкен қарбаластың ортасында жүргеніме қуаныштымын. Қолдан қаламымыз түскенше елдің, халықтың мүддесі үшін, сондай-ақ, облысымызда болып жатқан оң өзгерістерді, оң қадамдарды дұрыс жеткізу үшін, оларға үлкен сенім ұялату үшін жұмыс жасауымыз керек, – деді ақпарат саласының үздігі, сарапшы журналист, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айткүл Шалғынбаева.

– Кеше ғана өткен Қазақ елінің, Тәуелсіз Қазақстанның ең ұлық мерекесі Республика күні баршаңызға құтты болсын! Біздің ұрпаққа, замандастарымызға жұмыс істеп өмір сүру, ата-бабалар армандаған тәуелсіздікті көру мүмкіндігі туды. Соның арқасында жаңа нарықтық экономикаға сәйкес қызмет жасадық. Қолымыздан келгенше осы елдің өркендеуіне, өсуіне бар мүмкіндігімізді, білімімізді, тәжірибемізді жұмсадық. Менің осы уақытқа дейін алған марапаттарым елге еткен еңбектерімнің еленгені деп ойлаймын. Күні кеше облыс әкімі 47-ден астам әртүрлі сала мамандары мен еңбек ардагерлерін марапаттады. Өздеріңіз көріп отырсыздар, Қызылорда облысының тарихында бұрын болмаған 7 Парасат орденінің 3-еуі еңбек ардагерлеріне табысталды. Бұл өскелең ұрпақ пен қазіргі ардагерлердің Отанды, елді, ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегінің қайтарымы. Ал, 14 Құрмет ордені мен Ерен еңбегі үшін және Шапағат медалі Сыр елінің еңбеккерлерінің, Сыр елі халқының, Тәуелсіздік жолдарындағы атқарған жұмыстарына берілген баға деп есептеймін, – деді еңбек ардагері, «Парасат» орденінің иегері Нәжмадин Мұсабаев.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<