Астана қаласында жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша өткен ауыл мектептерінің 9-11 (12) сынып оқушылары арасындағы республикалық олимпиадаға еліміздің әр өңірінен 500-ге жуық оқушы қатысты. Олар математика, физика, химия, биология, география және информатика пәндері бойынша өз білімін көрсетті.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасымен ұйымдастырылған олимпиада ауылдағы оқушылардың дарыны мен қабілетін анықтап, олардың интеллектуалдық дамуына, болашақ мамандықтарын таңдауға қолдау көрсетуді көздейді.
Аталған олимпиадаға біздің облыстан жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша 40 оқушы қатысып 25 оқушы жүлделі орындарға ие болды, 4 оқушы Алғыс хатпен марапатталды.
Барлығы 7 алтын медаль, 10 күміс медаль, 8 қола медаль иеленген Қызылорда облысы «Ең үздік олимпиадалық команда-2024» номинациясымен бірінші орынды иеленді. Олимпиадаға қатысқан Қызылорда қаласындағы №169 орта мектептің 6-сынып оқушысы Төре Балтабек информатика пәні бойынша «Ең жас қатысушы» номинациясының иегері атанды.
Қазалы ауданы Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Анель Әділбек химия пәнінен, ал Жалағаш ауданы, әл Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Азамат Тұрсынбек физика пәнінен бірінші орын иеленіп, жүлдегер оқушыларға арналған SDU университетінің білім грантын жеңіп алды.
Айта кетейік, ауыл мектептерінің республикалық пән олимпиадасы биыл екінші рет өтіп жатыр. Білім жарысы ауыл мектептеріндегі талантты жастарға жол ашып отыр. Бұл ауыл баласын қанаттандырып қана қоймайды, олардың кіндік қаны тамған жерді тануына ынта-ықыласын оятары анық.
Бабы мен бағы қатар шапқан озық ойлы оқушыларға, ұстаздар мен ата-аналарына шынайы алғысымызды білдіреміз. Білім биігіне шығар білімді шәкірттеріміз көп болсын!
Гүлжазира ТАШЕНОВА,
облыстық білім басқармасы
«Дарын» қосымша білім беру орталығының
«Дарынды балалармен жұмысты ұйымдастыру»
бөлімінің меңгерушісі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<