Қызылорданың астана болғанына 100 жылдығын атап өту қазақ тарихы үшін аса маңызды. Бір ғасыр бұрын осы киелі топырақта ұлт, мемлекет тағдырына байланысты саяси шешімдер қабылданды. Сондықтан бұл мерейтойды атап өту өткенге тағзым, тарихқа құрмет, ұлттың өзін-өзі тануының жарқын көрінісі деп айтуымызға болар еді.
Қазақтың қай жері де қасиетті. Соның ішінде Қызылорданың орны бөлек. Өйткені бұл топырақта қазақ зиялыларының ізі қалған. Қызылорданың әр тасында, әр кірпішінде сол ұлы тұлғалардың қолтаңбасы бар.
Топырақ жасырған ізді қағаз беті ұмыттырмайды. Архивтерде сақталған құжаттар, естеліктер мен әдеби шығармалар – барлығы да осы қаланың қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудағы ерекше орнын дәлелдейді.
Бүгін қазақ зиялыларының астана кезеңі туралы тарихи-архивтік және әдеби-деректік құжаттарға тоқталсам деп отырмын.
Өздеріңіз білесіздер, 1925 жылы астананың Орынбордан Қызылордаға көшiрiлуіне байланысты барлық республикалық ақпарат құралдары жаңа астана – Қызылордаға қоныс аударды.
Осы көшпен Ахмет Байтұрсынұлы, Смағұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгеров, Әбдрахмен Байділдин, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Темірбек Жүргенов, тағы да басқа ұлт зиялылары келді.
ҚР Мемлекеттік архивінде сақталған деректі негізге алар болсақ, сол кезде салалық басылымдардан бөлек, Қызылордада республикалық 6 газет, 8 журнал шығып тұрған. Бұл сол кездің өлшемімен алсақ, үлкен саяси күш еді. Жоғарыда есімдері аталған ұлт зиялылары осы газет-журналдарда қызмет етті.
Сол кезеңдегі саяси жағдайға байланысты газет, журнал қызметкерлерін оқыту туралы Орталық партия комитетінің шешімі шығады. Осы шешім негізінде 1925 жылдың 10 желтоқсаны мен 1926 жылдың 10 наурызы аралығында 30 адамға 400 сағат көлемінде дайындық курсы ұйымдастырылады.
Дайындық курсының оқу жоспарында:«Жалпы мерзімді басылымдар және қазақ баспасөзі тарихынан» Ә.Байділдин, «Редакция жұмысынан» Б.Майлин, «Публицистикадан» С.Сәдуақасов, «Әдеби шығарма жазу теориясынан» А.Байтұрсынов, «Саяси сауаттылық» тақырыбынан С.Сейфуллин сабақ беретін болып шешілді. Бұл деректер ҚР Мемлекеттік архивінде сақталған.
«Еңбекші қазақ» газеті Қазақ өлкелік партия комитетінің негізгі органы саналды. С.Сәдуақасов аға газетке редакторлық жасаған мезгілде баспасөз бетіндегі көп пікірлікті қолдаушы және оны іске асырушы болды.
Мәселен, газет бетінде жаңа билікке сын көзбен қараған М.Әуезов пен Ж.Аймауытовтың, жаңа қоғамға сенім артқан С.Сейфуллин мен С.Мұқановтың, әдебиет пен өнердегі «ауытқушылыққа» қарсы күрес жүргізген Ә.Байділдин мен Ғ.Тоғжановтың мақалалары жарық көрді.
«Еңбекші қазақ» газеті 1926 жылғы 15-26 наурыз аралығында Голощекиннің қолдан ұйымдастырған «Торғай ісі» туралы Қызылордада өтіп жатқан сот процесін оқырмандарға үздіксіз жариялап отырды.
Сотқа тартылған адамдардың бәрінің бірдей кінәлі еместігі көрінді. Негізгі айыпкерлердің бірі жазушы Жүсіпбек Аймауытовқа тағылған айып орынсыз деп табылып, ақталып шықты.
Қызылордада қабылданған тарихи шешімнің бірі Халық комиссарлар кеңесінің 1927 жылдың 19 қарашадағы шешімімен Жаңа қазақ әліпбиінің орталық комитеті құрылуы еді. Аталған шешім негізінде комитеттің төрағасы Нығмет Нұрмақов болса, мүшелікке Кәрім Тоқтабаев, Ораз Жандосов, Әбдірахман Байділдин, Әлімхан Ермеков, Ғаббас Тоғжанов, Телжан Шонанов сынды қайраткерлер кірді.
1928 жылы латын әліпбиін енгізу жөнінде қаулы қабылданды. Осы қаулыдан кейін бір мезгілде, эксперимент ретінде «Жаңа мектеп» және «Қызыл әскер» газеттері сияқты мерзімді басылымдар жаңа әліпби негізінде шығарыла бастады.
Енді Қызылорда облыстық архивінде сақталған деректерге тоқталсақ:
1925 жылы Орынбордан Қызылордаға астана көшірілгеннен кейін Қазақ халық ағарту институты да осы қалаға ауысты. Бұл оқу орны сол дәуірдің ең ірі ағартушылық орталығы болды. Мұнда Сәкен Сейфуллин ректорлық қызмет атқарып, Ахмет Байтұрсынұлы, Сейітқали Меңдешев, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Құдайберген Жұбанов сынды тұлғалар ұстаздық етті.
Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде осы зиялылардың қолтаңбалары мен құжаттары сақталған. 1927 жылы Ахмет Байтұрсынұлының еңбек демалысынан үш күнге кешігіп келгеніне байланысты жазған түсіндірме хаты ерекше назар аударарлық. Онда ол: «Өзімнің және жолдасымның науқастығына байланысты курортта демалдым… Менің негізгі міндетім – сабақ беру. Шығармашылықпен де, ғылыммен де, оқытушылықпен де айналысамын…» деп жазады. Бұл хат – тұлғаның еңбекқорлығы мен жауапкершілігін танытатын сирек құжат.
Сол сияқты архив деректерінде Сәкен Сейфуллиннің де тұлғалық ұстанымы айқын көрінеді. Тексеру комиссиясының шешімімен келіспей, хаттама соңына өз қолымен:
«Мен бұл шешімге келіспеймін, сондықтан қол қоюдан бас тартамын» деп жазған. Бұл дерек Сәкеннің әділдігі мен принципшілдігін айғақтайды.
Институттың оқу бағдарламаларында Телжан Шонановтың география және әдістеме пәндерінен сабақ бергені, ал Ахмет Байтұрсынұлының сызу пәнін оқытқаны көрсетілген. Бұл мәліметтер зиялылардың жан-жақты білім иелері болғанын дәлелдейді.
Қызылордадағы қазақ зиялыларының өмірі мен қызметі әдеби естеліктер мен көркем шығармаларда да көрініс тапқан.
Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» романында Қызылорда мен Сырдария табиғаты әсерлі суреттеледі: «Маған ерекше әсер еткен көріністің бірі – Сырдария өзені… Оның суы сап-сары қоймалжың боп ағады екен…»
Бұл үзінділер арқылы Сыр бойының болмысы мен сол дәуірдің тынысы айқын сезіледі.
Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың «Шындық шырағында» және Фатима Ғабитованың «Өртеңде өнген гүлінде» Ахаң мен Міржақыптың Қызылордадағы тұрмысы жайлы жылы естеліктер берілген. Мәселен, Гүлнар апай: «Орынбордан Қызылордаға көшіп келгенде атекемнің үйімен қабырғалас тұрдық. Сол уақытта Ахаң демалып жатыр деп үй ішіміз аяғының ұшымен жүретін…» деп еске алады.
Бұл жазбалар зиялылардың адамдық бейнесін, өзара құрмет пен достық байланыстарын танытады.
А.Смақова құрастырған «Алаштың сөнбес жұлдыздары» жинағында: «Қызылордада тұрақтаған Лапин Жағыпар, Қоңырқожа Қожықұлы, Серікбай Ақайұлы, Сұлтанбек Қожанұлы Қазақ көшесі деген көшеде қызыл кірпіштен салынған үйлерде тұрған…» – деп көрсетіледі. Бұл деректер сол кездегі Қызылорданың зиялылар мекеніне айналғанын дәлелдейді.
Қызылорда – қазақ зиялыларының ізі қалған қасиетті топырақ. Мұнда ұлттың рухани, саяси және мәдени тарихындағы ең маңызды шешімдер қабылданды.
Ғабит ТҰЯҚБАЕВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты





