Іргелі ғылымнан – инновациялық өндіріске

375

0

Қазақстан Республи­ка­сы­ның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қа­зақ­стан халқына Жолдауы жаңа оқу жылының бас­талуы­мен тұспа-тұс келді. Мем­лекет басшысы Жолдауда бес басымдықты атап көрсетті. Олар  – заман талабына сай тиімді мемлекет, аза­­мат­тардың құқықтары мен қауіп­сіздігін қамтамасыз ету, қар­қынды дамыған және инклюзивті экономика, әлеу­меттік жаңғырудың жаңа кезеңі, Қуатты өңірлер – қуат­ты ел.

Мемлекет басшысы Жолдауда «Білім экономикасы», еңбек өнімділігін арттыру, ин­новацияны дамыту, жасанды интеллект жаһандық даму­дың негізгі факторларына айналғанын айта келе, ши­кізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыруға мән береді.

Бүгінгі таңда білім эконо­микасының қарқынды дамуы – инновациялық адами капиталдың маңызды факторы. Білім экономикасының дамуы адами капитал мен өмір сапасын арттыру, білім өндірісінде инновациялардың жоғары технологиялары мен жоғары сапалы қызметтерді ұсынумен айқындалады. Сондықтан білім экономикасы инфрақұрылымы дамуына өмір  сапасын жоғарылататын тиімді мемлекеттік институттар, сапалы білім беру, тиімділігі жоғары ғылым, бизнеспен тығыз байланысты тиімді ғылыми-техникалық үдеріс секілді басқа да құбылыстар әсер етеді. Ең бастысы іргелі ғылымнан инновациялық өндіріске дейінгі идеяларды жүзеге асырудың инфрақұрылымы тұтынушыларға жетуі керек.

Адамдар инновацияны тасымалдаушы болғандықтан, инновациялық адами капитал мемлекет экономикасының негізі – адам мен инновация­ның үйлесімділігін құрайды. Негізінен инновация – адамның зияткерлік әрекеті, қиялы мен шығармашылығының нәти­жесі. Инновациялар нарыққа ерекшелігі басым жаңа пайдалы өнімдерді шығарып, тұтынушылар мүд­де­лерін қанағаттандыруға ұмтылады. Мәселен, еліміз­дегі интернет банкинг жүйе­сінің қарқынды дамуы, халық­тың электронды үкімет сайтын пайдалануға көшуі инно­вациялық дамудың көр­сеткіші деп ойлаймыз.

Жасанды интеллекттің жаңа ғылыми бағыт ретіндегі тарихы ХХ ғасырдың ортасынан басталады. Осы кезең­дерде философтар ара­сында адам табиғаты және дүниені тану процесі жөніндегі таластар жалғасып жатты. Физиологияның нейро саласы бойынша мамандар мен психологтар адамның миы мен ойлауына байланысты кейбір теориялық нәтижелер алды. Есептеудің математикалық теориясының іргетасы саналатын алгоритмдер теориясы пайда болып, алғашқы компьютерлер жұмысқа пайдаланыла бастады. Жасанды интеллект технологияларының дамуына байланысты ол қоғам­дық өмірдің барлық салаларына терең еніп, әрбір жұ­мыстың тиімділігін арттыруда, жұмыс орнында қателіктерге жол бермеуде, бәсекелестікті арттыруда және адами ресурс­тарды тиімді пайдалануда маңызды рөл атқарады.

Осы себептерге байланысты, білім экономикасымен тығыз байланысты еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллект отандық экономиканы әртараптандыруға ықпал жасайды деп ойлаймыз.

Ботагөз ПАРИДИНОВА,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ докторанты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<