Кітап – адамзаттың ажырамас рухани досы. Қоғамның, адамның тұрақты дамуына мәдениеттің, кітапхананың тигізер пайдасы зор.
Кітап оқуға ынталандыру және мәдени құндылықтарды халыққа насихаттау мақсатында жыл сайын кітап фестивалі ұйымдастырылып келеді. Биылғы «KitapTime-2025» ІV жалпы республикалық кітап фестивалі орталық алаңдағы «Өнер арбатында» өтті. Онда қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев республикалық шара Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келгенін айтты.
Мазмұнды шара аясында жергілікті ақын, облыстық «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы, облыстық «Тұран» сыйлығының иегері Ғазиза Әбілданың жаңа туындысы «Қыр гүлі» атты жыр жинағының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.
Жәрмеңкеде қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Алаштың анасы – бақыттың қаласы Қызылорда» атты кітап көрмесін таныстырды. Көрмеге «Ақмешіт» музейінде сақтаулы тұрған 1925-1928 жылдары жарық көрген ақын-жазушылардың ең алғаш шыққан кітаптары қойылды. Сондай-ақ Қызылорда қаласындағы жоғары оқу орындары мен колледждердің кітап көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда әлем және қазақ әдебиеті классиктерінің шығармалары, балаларға арналған ертегілер мен энциклопедиялық еңбектер паш етілді.
Сонымен қатар, өзге өңірлерден «Қасым», «Сана», «Мазмұндама» баспалары, жергілікті «Атамұра», «Кітап ал» дүкендері өз кітаптарын ұсынып, сатылымға шығарды. Жастар арасында «Qazaqsha quiz» интеллектуалды сайысы өткізіліп, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар берілді.
Мерекелік шарада оқырмандар қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Одан бөлек, «Үздік кітапхана», «Үздік кітапханашы», «Үздік оқырман отбасы» номинациясы табысталды.
Кітап жәрмеңкесіне 1000-ға жуық оқырман келіп, көрмені тамашалады.
Республикалық фестиваль аясындағы шара Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жалғасты. Облыстық кітапхана директоры Нұрлыбек Мыңжас пен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі Қаршыға Есімсейітова кітаптың адам өмірінде алар маңызын айтып, жастарды білімді болуға шақырды.
Шара қонақтары үшін «Кітап – білім бұлағы», «Поэзия рухтың қазынасы» атты кітап көрмелері және ұлы Абайдың 180 жылдығына «Абай ауылы» және Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына арналған «Тарих айдынындағы тұлғалар» атты кітап инсталляциялары, колледж студенттері арасында «Өз өлкеңді таны!» тақырыбына зияткерлік сайыс, кітап және кітап кейіпкерлері туралы «Coffee&Book» викториналық сұрақтар, балалар арасында «Өлең өрнектеген әлем» поэзия сағаты ұйымдастырылды.
Сонымен қатар «Құрақ құрау – бірігудің белгісі» тақырыбымен шеберлік сабағы, «Бізге ертегі кейіпкерлері қонаққа келді» ертегі кейіпкерлерінің шеруі, «Робот – болашақтың кереметі» роботтар көрмесі және «Робототехника» үйірмесінің мүшелерімен кездесу болды. Адамның ой-өрісінің дамуына ерекше әсер ететін шахмат, дойбы, ұлттық ойын – тоғызқұмалақты ұнататындар үшін де арнайы бұрыш қойылды.
Фестиваль аясында «Аймақтың ата басылымы» тақырыбында облыстық «Сыр бойы» газетінің ұжымымен кездесу ұйымдастырылды. Басылымның шығу тарихы, таралымы, болашақтағы бағыт-бағдары, бүгінгі журналистиканың беталысы туралы еркін форматта әңгіме айтылды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің журналистика мамандығының студенттері сұрақтарын қойып, кәсіби мамандардан жауап алды. Сондай-ақ «Сыр бойы» салған сара жол» тақырыбындағы кітап көрмесіне шолу жасалды.
Шараға зиялы қауым мен баспасөз өкілдері, қаламгерлер, ұстаздар, студент жастар мен мектеп оқушылары, кітапхана мамандары мен оқырмандар қатысты.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





