Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Жаңа жыл мерекесіне орай Шиелі аудандық ауруханасының перзентхана бөліміне арнайы барып, жарық дүние есігін енді ғана ашқан сәбилердің аналарын құттықтады.
Аудан басшысы аналардың аналық мейірімі мен отбасындағы рөліне ерекше тоқталып, елдің демографиялық дамуына қосып жатқан үлестері үшін ризашылығын білдірді.
– Сіздердің отбасыларыңызға дүние есігін жаңа ашқан сәбилер арқылы қуаныш пен шаттық келді. Сәбилеріміз елге қызмет ететін азамат болсын. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында өмірге келген нәрестелер – жаңа жылдың нағыз сыйы, – деді Айтбай Жандарбеков.
Ізгі тілегін арнаған аудан әкімі дүниеге жаңа сәби әкелген 13 аяулы анаға сый-сияпаттар табыс етіп, ақ жаулықты аналарға зор денсаулық пен отбасы амандығын тіледі.
Кездесу барысында перзентхана бөлімінің дәрігерлері мен медицина қызметкерлеріне де жаңа жылдық игі тілектер айтылып, сәттілік пен табыс тілінді.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






