Саладағы ашықтықты күшейтуге бағытталған

84

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел дамуының алдағы кезеңіне арналған негізгі стратегиялық бағыттар айқындалды. Президент әлеуметтік-экономикалық саясаттың тиімділігін арттыру, мемлекеттік басқару сапасын жақсарту және халықтың әл-ауқатын нақты өсіруге бағытталған бірқатар маңызды тапсырма жүктеді.

Әсіресе білім беру мен денсаулық сақтау сала­ларындағы жүйелі проблемаларды шешу, цифрлан­дыруды жеделдету және бюджет қаражатының ашықтығын қамтамасыз ету басты назарға алынды. Үкіметке 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құру жұмысын аяқтауды тапсырды. Бұл барлық үдеріске бақылау жасап, басынан аяғына дейін қадағалап отыратын жүйе болуға тиіс екенін айтты.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің де барынша ашық болуын қамтамасыз ету керек. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жалған құжат толтырып, деректерді бұрмалайтын қитұрқы жолдар бар екені анықталды. Мен Ұлттық құрылтайдың отырысында осы мәселеге арнайы тоқталдым, – деді Президент.

Бұл бастама медициналық қызмет сапасын арттырып ғана қоймай, саланы басқарудағы ашықтықты күшейтуге бағытталған. Бірыңғай деректер базасы диагноз қою, ем тағайындау және қаржыландыру процестеріндегі адами факторды азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.

Жалғасбек ҮСЕНОВ,

облыстық қан орталығының директоры