Сапа мәселесі күн тәртібінен түспейді

83

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен арнайы жиын өтіп, құрылыс нысандары, жол сапасы мен мерзіміне қатысты мәселелер талқыланды. Жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктелді.

Кейінгі үш жылда қаржыландырудың барлық көзінен 2 млн 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан дайын 3 800-ге жуық пәтерді сатып алуға қаржы бөлінді. Заманауи жаңа дизайнмен салынған 7, 9, 12 қабатты тұрғын үйлер қаламыздың сәнін келтірді.

Өңір тұрғындары үшін әлеуметтік нысандар, атап айтқанда 2022 жылдан бері жаңадан 15 мәдениет нысаны салынды. Барлық  ауданда «Руханият орталықтары», бала­лар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шы­ғармашылық-инновациялық академиясы, «Саутс Ойл» ком­паниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты, облыстық тарихи-өлкетану музейі ашылды.

Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Қызылорда қала­сында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом ком­паниясының қолдауымен «Достық үйінің» жаңа ғимараты бой көтеруде. Нысан алдағы қараша айында ел игілігіне беріледі.

Кейінгі жылдары 1 232 шақырым автомобиль жолы мен көшелерді, 19 көпірді салуға, күрделі жөндеуге қаражат бөлінді. Арал, Жаңақорған аудандарында теміржол үстінен өтетін аспалы көпір пайдалануға берілді. Биыл 329 шақырым жол жөнделіп, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетеді.

Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Облыс аумағындағы 216 шақырымның 163 шақырымы ел игілігіне айналды. Қосымша 12 шақырымына екі қабатты асфальт төселді. Жоба биыл толық аяқталады.

Облыс орталығының негізгі көшелері – әуежайдан Бейбарыс сұлтан көшесіне дейінгі аралық, Шиелі ауданынан кіреберіс жол, Яссауи, Жаппасбай батыр магистральді көшелері, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы төрт жолақты болып кеңейтілді.

Бүгінде Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейінгі 2,9 шақырым жолдың, Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол асты өткелінің құрылысы қарқынды жүруде.

Аймақ басшысы жауапты басшыларға әрбір құрылыс нысанына барып, сапасы мен аяқталу мерзімін тұрақты бақылауда ұстауды ескертті.