Осы жылдың 28 ақпанында өткен Сенаттың пленарлық отырысында Сенаторлар Р.Рүстемов пен Н.Байқадамовтың ҚР Премьер-министрінің атына Қызылорда облысының Арал, Қазалы аудандарының бірқатар елді мекендерінде халықты ауызсумен қамту мәселесінде түйіні тарқатылмай тұрған өзекті проблемаларды шешуге бағытталған депутаттық сауалы жолданған болатын.
Депутаттық сауалдың мәтіні «Сыр бойы» газетінің 13 наурыз күнгі нөмірінде жарияланды.
Депутаттық сауалға Премьер-министрдің атынан келген жауап хаттың толық мәтіні оқырман назарына ұсынылады.
«Құрметті депутаттар!
Республикалық бюджетті нақтылау шаралары аясында Арал ауданының Ақбасты, Тоқабай, Абай елді мекендерін ауызсумен қамту жұмыстарын аяқтау үшін 5,9 млрд теңге және осы ауданның Ерімбетжаға, Тастүбек, Қазалы ауданының Шәкен, Шилі, Шитүбек, Сарбұлақ елді мекендерін ауызсумен қамту жобаларына қажетті 2,6 млрд теңге көлемінде қаржы бөлуге қатысты сауалды қарастырып, келесіні хабарлаймыз.
Тоқабай, Абай елді мекендерін ауызсумен қамту бойынша Қызылорда облысы Арал ауданының 3100 адам тұрғыны бар Тоқабай және Абай елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырының Арал-Тоқабай Абай қосу тармақтарын салу және Қызылорда облысы Арал ауданының Тоқабай, Абай елді мекендерін сумен жабдықтау» жобасы іске асырылуда. Бас мердігер – «Сапа Құрылыс 2007» ЖШС.
Жобаның жалпы құны 8,2 млрд теңгені құрайды және бүгінгі күнге дейін 2,4 млрд теңге игерілді. 2025 жылға республикалық бюджетте 2,0 млрд теңге қарастырылған.
Бұдан басқа, жобаның әлеуметтік маңыздылығын ескере келе, Республикалық бюджет комиссиясының (бұдан әрі – РБК) 2025 жылғы 25 ақпандағы №3 хаттамалық шешімімен Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен 2025 жылы осы жобаны аяқтауға 3,6 млрд теңге бөлу мақұлданды.
Ақбасты елді мекенін ауызсумен қамту бойынша Қызылорда облысы Арал ауданының 398 тұрғыны бар Ақбасты елді мекенін ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында «Қызылорда облысы Арал ауданы Қосаман – Ақбасты Арал – Сарыбұлақ топтық су құбырына қосу тармағын салу және Ақбасты елді мекенін сумен жабдықтау» жобасы іске асырылуда. Бас мердігер – «Сапа Құрылыс 2007» ЖШС. Жобаның жалпы құны 2,41 млрд теңгені құрайды және бүгінгі күнге дейін 1,87 млрд теңге игерілді.
Жобаның әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, РБК-ның 2025 жылғы 25 ақпандағы №3 хаттамалық шешімімен Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен 2025 жылы осы жобаны аяқтауға 524,4 млн теңге бөлу мақұлданды.
Жобаны 2025 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.
Арал ауданының Ерімбетжаға, Тастүбек және Қазалы ауданының Шәкен, Шилі, Шитүбек, Сарбұлақ елді мекендерін ауызсумен қамту жобаларына қажетті 2,6 млрд теңге көлемінде қаржы бөлуге қатысты Орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылмаған 6 елді мекенді сапалы ауызсумен қамту жобаларына республикалық бюджеттен 2025 жылға 787 млн теңге қаржы және жобаларды биыл аяқтауға арнаулы мемлекеттік қордан 2,2 млрд теңге қаржы бөлінді. (Арал ауданы бойынша Ерімбетжаға, Тастүбек, Қазалы ауданы бойынша Сарбұлақ, Шәкен, Шилі, Шитүбек).
Аталған 6 жобаны іске асыру нәтижесінде 82,9 шақырым ауызсу желісін салу толық аяқталып, жалпы халық саны 1785 адам орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылатын болады.
Жобалардың іске асырылуы салалық министрліктердің тұрақты бақылауында».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<