Сапалы тауар қашанда сұранысқа ие

238

0

Бүгінде өңірдегі құрылыс алаңдарында пайдаланылатын материалдардың басым бөлігі – жергілікті тауарлар. Күйдірілген кірпіш, бетон, брусчатка, терезе, есік пен әрлеуге қажетті бояулар да өзімізде өндірілуде. Оны кәсіпкерлердің өнімімен танысу барысында көріп жүрміз. Кейінгі кездері қалада тұрғын үй, әлеуметтік нысандар, жол құрылысы үздіксіз жүруде. Құрылысқа жергілікті өнімдер қолданылатыны көңіл қуантады. «Нұртөре» жеке кәсіпкерлігінің ағаштан жасалған сан түрлі есік пен бұйымдары да сұранысқа ие.

Осы орайда біз кәсіп иесі Нұрлыбек Есқалиевпен кездесіп, жұмысымен танысып қайтқан болатынбыз.

Алдымен «Бәйтерек» шағын ауда­нында орналасқан цехқа бардық. Мұнда жұмыс қызу. Шеберхана бес бөліктен тұрады. Қажетті МДФ материал мен бояулары Шымкент және өзге де қаладан жеткізіледі. Цехтағы жаңа технологиялар екі жыл бұрын Түркиядан алыныпты. Сапасы мен тиімділігі жоғары. Бір құ­рылғы материалды жабыстырып, желім­дейді. Екіншісі ою-өрнегін салады. Ке­лесі бөлігінде дайын ағашты жонып, сыр­лайды. Сондай-ақ түрлі пішінде ағаш кесетін бірнеше станок бар. Цехқа жетекшілік ететін Абай Ерсұлтан зама­науи технологияның арқасында жұмыстың өнімділігі артқанын жеткізді.

– Мұндағы жұмыстың басым бөлігін техника атқарады. Есіктің сапасы жақсы. Берік әрі мықты. Біз тапсырыс берушінің талғамына қарап жасаймыз. Бағасы 45 мың мен 250 мың теңге аралығында. Арзан есіктер классика үлгісінде істеліп, көлемі стандарт болады. Көлеміне қарай бағасы өсе береді. Бағасы тек көлеміне байланысты, бірақ сапасы бірдей. Кейбіріне әйнек саламыз. Есіктің іші ағаш, сырты МДФ материалдан. Классика үлгісінде де, ою-өрнек түрінде де істей береміз. Үйге арналған есіктен бөлек, мекемелерге де орнатамыз. Көбіне жеке тұрғындардан тапсырыс түседі. Сондай-ақ жаңа базарда сауда дүкеніміз бар. Ол жерге де дайын есіктерді қоямыз. Шамамен айына 250-дей есік шығарамыз. Кейде одан көп болса, кейде аз. Бәрі де тапсырысқа байланысты. Сонымен қатар ағаштан жасалатын кез келген бұйымды да істей береміз. Мәселен, бесік, орындық, үстел сынды дүниелерді де шығарамыз, – дейді ол.

Цехтағы мамандардың бәрі де тәжірибелі шеберлер. Кезекті тап­сы­рыстарын орындауда. Ескі есіктерді де қайта әрлеп береді. Жұмысшылардың жалақысы уақытылы. Тапсырыс еселенсе, үстеме қосылады екен. Мұнда арнайы асхана да жұмыс істейді.

Одан әрі цехтың екінші нысанына бардық. Онда Нұрлыбек Есқалиевтің өзі күтіп алды. Ол кәсіпті қалай бастағанын, мемлекеттен қандай қолдау алғанын, есіктерді қайда өткізіп жатқанын, ши­кі­заттың қайдан келетінін, бәрін егжей-тегжейіне дейін айтып берді.

– Негізінен Жалағашта өсіп-өн­дік. Әкем ағаш ұста­сы болған. Бұл өнер атадан балаға берілген. Ауыл­да мүм­кін­дік аз болған соң қа­лаға қоныс аудардық. Осы кә­сіп­пен айналысып келе жат­қа­­ны­­мызға 25 жылдай бол­ды. Кезінде әкем пай­да­­лан­ған станоктар әлі де кә­де­міз­ге жарап келеді. Бұл жерде тек ағаш есік­тер жа­саймыз. Сіздер бірінші барған 3-4 жыл бұрын ашыл­ған жаңа цех. Оны ашу себе­біміз, зама­науи есік жасау керек болды. Жұмысты жан­дандыру үшін мүмкіндігі мол жаңа станоктар алу мақ­са­тын­да жеңіл­детілген не­сие рәсім­дедік. Заманауи станок­тар жиын­­тығына 35 млн тең­ге жұмсалды. Оның 10 млн теңгесін «Микробизнес-Қы­­зыл­орда» бағ­дарламасы арқылы алдым. Қал­ғаны жеке қаражат есебінен. Осылайша бұл цехты іске қостық. Ал мына цех бұрын­нан жұмыс істеп келеді. Мұн­да негізінен қол еңбегін қажет ететін құ­рыл­ғылар бар. Сондықтан ағаш­тан есік, үстел, орындық сынды бұйым­дар іс­тейміз. Тапсырыс жет­кілікті, мүмкін­дігі­міз мол. Соны то­лық пай­далануды көз­дейміз.

Өздеріңіз білесіздер, қазір өңір­де құрылыс тоқтаусыз жү­ріп жатыр. Көп­қабатты тұр­ғын үйлер, әлеуметтік ны­­сан­дар ашылуда. Ал со­ған қажетті есіктер қайдан ке­леді? Неге жергілікті өнім­ді қолданбайды? Біздің есік­тердің де сапасы жақсы. Кез келген тапсырысты орын­дау­ға мүмкіндігіміз де бар ғой. Қазір цехта 10 адам еңбек етеді. Шаруамызды дамыту үшін тоқтап қалмау керек. Өндірген тауарымызды өткі­зуге қолдау болса дейміз. Осы­ған дейін Сырдария өзе­ні­нің сол жағалауындағы му­зыкалық колледжге 200 есік салдық. Бір айдың ішінде то­­лық орнатып болдық. Осын­­дай ірі көлемде тапсырыс алсақ жақсы болар еді, – дейді ол.

Кәсіпкер жұмыс күші мен техниканың мүмкіндігі мол екенін айтты. Тіпті екі ауысым жұмыс істеп, айына 400-500 есік шығаруға болады.

– Ағаштан қалдық қал­майды. Бәрін де кәдеге жара­тамыз. Қиындыларынан күн­делікті тұрмысқа қажетті зат­тарды жасап, арзан бағаға шығарамыз. Қал­май­ды, ба­ғасы тиімді болған соң өтіп ке­теді. Ұсақ ағаш қалдығын да қаптап қоя­мыз. Оны да құрылысқа, мал шаруа­шылы­ғына қолданатындар бар. Қа­зір тұрғындар сапаға мән бе­реді. Базардағы есіктің көп­шілігі өзге өңірлер мен көр­­шілес елдерден келеді. Бі­рақ олардың көп­шілігінің сапасы сын көтермейді. Екі-үш жыл­­дан кейін жарамай қал­ған­дық­тан, өзі­міздің өнімді алып жатады. Бәрі бірдей деп айта алмаймын, арасында сапасы жақсы есіктер де бар. Сол себепті  сапаға мән береміз, – дейді ол.

Іскер азамат шаруасына мығым. Талай рет жергілікті тауар өндірушілердің көрме­сіне қатысып, жоғары нәти­жеге қол жеткізіп келеді. Өзін­дегі мол мүмкін­дікті тиім­ді пайдаға асыруға талпынып жүр. Мемлекеттік қол­даудың да игілігін көрді. Ендігі кезекте өнімін одан әрі дамыту үшін ірі тапсырыс қабылдап, еңбек өнімділігін арттыруды көздейді. Ол үшін тиісті сала мамандары да қол­дау білдірсе дейді.

Расында тауар бар. Сапа­сы жоғары. Енді демеп жіберсе, ісі өрге ба­са­ры анық. Бізде орта және ша­ғын кә­­сіп­ті ұршықша иіріп отыр­ғандар да, ісін енді дамытып жатқандар да жетер­лік. Олардың жұмысын жүр­гізу үшін ең алдымен өзіміз жергі­лікті өнімді қолдауымыз ке­рек деп ойлаймын. Сонда кез келген кәсіп иесі тауа­рын өткі­зуде қиындықты се­зін­бей, аз уақыт­тың ішінде аяғы­нан нық тұрар еді.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»