Неше жылдан құрылысы тұралап, елдің үмітіне айналған Сексеуіл кентіндегі 40 орындық аурухананың ел игілігіне берілер күні де алыс емес. Қазіргі таңда аталған ғимараттың сыртқы жұмыстары аяқталып, ішкі әрлеу жұмыстары жүруде.
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапары барысында алдымен осы ауруханаға соғып, нысанның құрылыс жұмыстарын бағамдады. Қазіргі таңда ғимараттың ішкі қабырғаларын әрлеу, еден жабындыларын салу жұмыстары жүруде. Аудан әкімі жауаптылармен жүздесіп, ел көптен күткен ғимаратты келер айдың ортасына дейін толық аяқтап, қақарлы қыс күшіне мінбей тұрғанда пайдалануға беруді тапсырды.
Мұнан соң «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбырынан бастап газ құбыры тармағын салу» жобасының құрылыс алаңында болды. Басты мақсат – елге керек ең маңызды ресурс көгілдір отынды сексеуілдіктердің игілігіне пайдалануға беру.
Мұндағы жұмыс та жақын күндері аяқталады деп күтілуде. Газ қабылдаудағы негізгі жұмыстар реттеліп, кабель, труба тарту жұмыстары біткен. Электр желсі бойынша да мәселе реттелген. Келер айдың басында «Интергаз Центральная Азия» АҚ негізгі магистральдан газ жіберсе АГТС-ті толық жұмыс барысына көшіруге дайындық жұмыстары жүруде. Аудан әкімі ең басты талап сапа мен қауіпсіздік екенін айтып, үлкен қысымдағы газды қабылдауда кемшіліктерге жол бермей, құрылғыны мұқият іске қосуға дайын болу керектігін жеткізді.
– Жігіттер елге жасаған еңбек еш кетпейді. Бастысы біз жақын күндері Сексеуілді газға қоссақ 14 мыңға жуық халықтың батасын аламыз. «Піскен астың күйігі жаман» деген. Ендігі мәселе газды өз деңгейінде осы құрылғы арқылы қабылдап, процесті толық іске қосуға дайындау. Сол кезде кемшілкке жол берілмеуі керек. Айтылған кемшіліктер толық қалпына келтірілетін болсын. Бұл жұмыстар толық менің бақылауымда болады. Елдің аманатын арқалаған соң ешбір істе мүлт кетуге болмайды. Ең бастысы сапа және қауіпсіздік, – деді аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы.
Аудан әкімі ат басын тіреген екі нысанның құрылысы көпке созылғанын жергілікті жұрт жақсы біледі. Енді сол күндердің бәрі артта қалды. Сәтін салса келер айдың аяғына жақын секесуілдіктер көгілдір отынның игілігін көрмек, жайлы әрі жылы аурухана да елдегі ағайынға есігін айқара ашады.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<