Қазір Сенат депутаттары Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің және қабылданған заңдардың орындалу барысын қадағалау үшін өңірлерге барып, тұрғындармен кездесулер өткізуде. Соның аясында бүгін бір топ әріптесіммен бірге Қызылорда облысына келдік.
Жалпы, қазір өңірлерді дамытудың жаңа кезеңі басталуда. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен бірқатар өкілеттікті орталықтан аймақтарға беру үдерісі жүргізіліп жатыр. Бұл ретте жергілікті өкілді органдардың да рөлі айтарлықтай арта түсетіні анық.
Сыр өңірінің мәслихат депутаттарымен және жұртшылығымен кездесуде осы бағыттағы бірлескен жұмыстарға кеңінен тоқталдық. Жергілікті билік институттарының жауапкершілігі мен қаржылық мүмкіндіктерін күшейтуге арналған шараларға, жаңа Бюджет, Салық кодекстерінің және басқа да заңдардың маңызына баса мән берілді.
Қызылордалық әріптестеріміз Президентіміздің барлық реформасына қолдау білдіріп, өңірлердің құзыреттерін одан әрі арттыру жөнінде нақты ұсыныстарын айтты. Олардың қатарында жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау салаларында аудандардың мүмкіндіктерін кеңейтуге, мәслихаттардың рөлін күшейтуге және жергілікті бюджеттің атқарылуын бақылауға қатысты бастамалар бар.
Кездесуде Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатында айтылған басымдықтар мен Қазақстанды цифрлық державаға айналдыру жолындағы міндеттер де назардан тыс қалған жоқ. Өкілді билік тармағын түбегейлі жаңғыртуды көздейтін парламенттік реформаның мәніне, қуатты және ықпалды Парламент құрудың маңызына да жан-жақты тоқталдық.
Сапар барысында өңірдің креативті және белсенді жастарымен кездестік. Онда жаңғырудың жаңа кезеңіндегі реформаларды жүзеге асыруда жас буынның рөлі, өскелең ұрпақтың бойына жасампаз құндылықтар мен прогрессивті идеяларды сіңіру, үздіксіз білім алу, цифрлық сауаттылықты арттыру, жасанды интеллектіні жетік меңгеру бағытында мазмұнды диалог құрдық.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен және «Тұмар» шағын өнеркәсіптік аймағындағы еңбек ұжымдарымен де кездестік. Сондай-ақ жаңадан салынған мектеп-интернаттың, инклюзивті спорт орталығының, облыстық тарихи-өлкетану музейінің және әуежайдың жаңа терминалының қызметімен таныстық.
Сенат кездесулерде айтылған барлық ұсыныс-пікірді назарға алып, алдағы қызметте ескеретін болады. Бүгінгі сапар Мемлекет басшысының тапсырмалары мен қабылданған заңдардың Сыр өңірінде белсенді орындалуына тың серпін береді деп сенеміз.






