Ауыл мұғалімі Байназар ағаның жастық шағы қиындықпен өтті. Бір қиырдағы «Қызыл ту» атты колхоздың ой мен қыры, «Талаптың» қалың тоғайы, «Сарыбайдағы» бидайықта сан-алуан жұмысты атқарып, шыңдалды. Оқуға зерек Байназар мұғалімдік мамандық алып, ауыл мектебінде қырық жылдай ұстаздық еңбектің дәмін татты.
Әлі есімде Байназар аға сонау алыстағы ауылдан бұрқыратып хат жазатын. Ауыл тілшісі атты мәртебеге, кейінірек Журналистер одағына мүше болды. Іссапарға шыққанда редакторымыз Ұзақ Бағаев «Байназар Сүлейменовке соғыңдар, халін біліңдер, ауыл басшыларының көзқарасына зер салыңдар» деп шегелеп тапсырма беретін-ді. Байқаймыз, Байназар ағаның ауылдағы беделі жоғары болды. Басшылар қолын қақпай, ауыл тілшісін жиын-жиналыстардан қалдырмай, қатарға отырғызатын.
…Қызы Күлзәбира әкенің бар еңбектерін, жазғандарын, алғыс хаттар мен орден, медальдарын алдымызға жайып салды. Бір бума алғыс хаттар, «Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім» төсбелгісі, аудандық «Еңбек туы», «Ленин жолы» газетінен алған марапаттар көзге оттай басылды.
Жақында Күлзәбираның құрастыруымен «Ізгіден қалған із» атты 300 беттен тұратын кітап баспадан шықты. Кітапты әдеби өңдеуге тер төккен белгілі журналист, ақын Дүйсенбек Аяшұлының еңбегін айрықша атап өтуге тұрарлық. Кітапты оқып отырғанда еңбек ардагері, қаламы ұшқыр ұстаз, ақынжанды азамат Байназар ағаның еңбегін ауыз толтырып айтуға болады.
Кітапта туған жердің келбеті кеңінен баяндалады. «Ауылымның бейнесі» атты толғауында өскен ортаның табиғаты көз алдыңызға елестейді.
Ұлбикемен айтысатын Күдеріқожа, қазақтың айтқыр Қалтайы, ақын Әбдірәш, Асқар, Жақып Ыдырысов, журналист Сұлтан Қожаниязов туралы естеліктері еріксіз сүйсінтеді. Байырғы журналист Ахметжан Нұрекеев, қоғам қайраткері Аппаз Кәмішев, Кеңес одағының батыры Жаппасбай Нұрсейітов, Нағи Ілиясов, халық ақыны Қуаныш Баймағанбетов туралы арнау өлеңдері жұп-жұмыр өрнектелген. Елдің мақтаулы ұл-қыздарына арнау өлеңдері ұтымды берілген.
Қысқасы, «Ізгіден қалған із» атты кітапты оқып отырғанда Байназар ағаның жергілікті баспасөзде жазылған әзіл-оспақ, сын мақалалары ұтымды, шындықты жаны сүйетін азамат бейнесі елестейді.
Иә, ұзақ жыл туған ауылдағы мектепте ұстаз болған қаламгер Байназар Сүлейменов бұдан отыз жыл бұрын дүние салды. Көзі тірі болса биыл 95 жасқа толған болар еді.
Бір сәт тағы да өткен күндерді еске алып отырмын, оқырман. Байназар аға редакцияға жиі соғатын. Жігіттермен жағалай сәлемдесіп, елдің жаңалығын майын тамыза айтушы еді-ау. Сәлден соң жазған дүниелерін қолымызға ұстатып, аманаттайтын-ды.
Ардагердің қызы Күлзәбира Сүлейменова – қазір зейнеткер, ұстаз ағаның жазған өлең-жырларын, естеліктерін одан әрі жинастырып, баспадан шығару қамында тыным таппай жүр. Әке есіміне ауылдан көше беру, жүлделер белгілеу, тұрған үйіне ескерткіш белгі қоюды парыз санайды.
«Еңбек Қызыл ту» орденді «Шіркейлі» ауылының көшесімен жүріп келемін. Әне, ауылдағы қазіргі №129 үй Әбдіраш Жәмішев атындағы мектептен шәкірттер, ұстаздар шығып келеді. Бір кездегі Байназар аға оқытқан еңбек адамдары сол ұстаздарын еске алып, тебіренеді.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі





