«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп ақын Абай айтқандай, шәкiрттерiн бiлiм нәрiмен сусындатып, жақсы қасиeттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар берудe ұстaздың еңбегi зор. Ертеңгі ел тұтқасы болар жас буынды тәрбиелеуге қырық жылдан астам уақытын арнап, ауыр міндетті абыроймен атқарып, талай шәкірттің томағасын сыпырып, қанат қақтырған ұлағатты ұстаз Үміт Қосекеева бүгінде 75 жастың желкенін керіп отыр.
Үміт Қажығалиқызы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Темірші ауылдық кеңесінде 1951 жылдың 3 қаңтарында дүниеге келген. 1958-1966 жылдар аралығында №14 Темірші сегізжылдық мектебінде оқып, қатарының алды болған. Қарқаралы қаласындағы №1 қазақ орта мектебінің түлегі. 1969-1973 жылдар аралығында Қарағанды мемлекеттік университетінің физика факультетін бітірген.
Еңбек жолын 1973-1976 жылдары Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы №96 Бозкөл орта мектебінде физика пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейін Қызылорда қаласындағы №1 мектеп-гимназиясында еңбек етті. 1991 жылы пән мұғалімдері арасында өткен «Жыл мұғалімі» байқауында жүлделі І орын иеленді. Бұл ұстаздың алғашқы жетістігі еді. Одан кейін әр жылдары Қызылорда қаласындағы І.Қабылов атындағы №12 орта мектеп директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, Қызылорда қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі (бас маман) қызметін атқарған. Осы қызметте жүрген кезінде мұғалімдердің шығармашылық деңгейін, әдістемелік шеберлігін жетілдіру бағытында сан алуан іс-шаралар мен байқауларды жоғары деңгейде ұйымдастырған. Нәтижесінде №9 орта мектептің химия пәнінің мұғалімі Г.Руснак республикалық «Жыл мұғалімі-91» байқауында, Т.Дәуметов Мәскеуде өткен «Одақтық жыл мұғалімі-91» байқауында бас жүлде иеленген.
Кейін Қызылорда қаласындағы №15 гимназияны басқарды. Үміт Қажығалиқызының жеке басын ерекшелендіретін қасиеттері – еңбексүйгіштігі, талап қоя білуі, ұжымды алға қойған мақсатты шешуге талпындырып, ұйымдастыра білуі және кадрларды іріктеп, таңдай білуі. Педагогикалық ұжым басшының осы қасиеттерінің және бірлесіп жұмыс істеуінің арқасында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. 2008 жылы республикадағы 100 мектептің қатарына енді. Қызмет жасап жүрген тұста мектеп түлектері арасынан 33 «Алтын белгі», 75 «Үздік аттестат», 174 мемлекеттік грант иегері шықты.
«Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» демекші, білім алған, өнегелі тәлім-тәрбиесін көрген шәкірттері жетерлік. Ол жетекшілік жасаған уақытта №15 қалалық гимназия оқушылары жыл сайын «ХХІ ғасыр көшбасшысы» республикалық зияткерлік сайысының апталық, айлық, тоқсандық, жылдық кезеңдерінде топ жарып жүрді.
Мерейлі жас иесі ұстаздық қызметті жауапкершілікпен атқаруда көптеген жетістікке жетті. Шәкірттері облыстық, республикалық, халықаралық «Дарын» ғылыми жоба сайыстарында жүлделі І, республикалық пәндік олимпиаданың ІІ, ІІІ, ІV кезеңдерінде жүлделі І, ІІ, ІІІ орындарды иеленді. Нәтижесінде білімді ұл-қыздар республикалық «Дарынды балалар – Қазақстанның болашағы» энциклопедиясына еніп, «За вклад в развитие образования» төсбелгісімен марапатталды.
Тыңғылықты дайындық нәтижесінде гимназия оқушылары қала және облыс мектептері арасында І, ІІ орынға, 2008 жылы ҰБТ көрсеткіші бойынша облыс көлемінде І орынға ие болды. 2012 жылы сәуір айында ҰБТ-ға даярлайтын әдістемелік авторлық бағдарламасы жарыққа шығып, ұстаздың үздік іс-тәжірибесі кең көлемде таратылды.
Ұлағатты ұстаздың еңбегі әркез лайықты бағасын алып отырды. Білім беру министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қызылорда облысына – 70 жыл», «Қызылорда қаласына – 190 жыл», «Қызылорда қаласына – 200 жыл» мерекелік медальдарымен, «Ерен еңбегі үшін», Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісімен және қалалық білім бөлімі, облыстық білім басқармасының, қала, облыс әкімінің бірнеше рет мақтау грамоталары, алғыс хаттарымен марапатталған.
Халқымыз ұлағатты ұстазды ерекше қадірлейді. Осы беделді қызметті абыройлы атқарып, өскелең ұрпақтың санасына білім мен тәрбие, жүрегіне ізгілік нұрын құя білген Үміт Қажығалиқызының еңбек жолы біз сияқты ізінен ерген мұғалімдер үшін үлгі-өнеге.
Ол отбасында бір ұл, үш қыз тәрбиелеп, немерелері мен жиендерінің сүйікті әжесіне айналды. Ең бастысы, жас ұрпаққа сапалы білім берудегі қажырлы еңбегімен ғана емес, қоғамдағы маңызды мәселелерді талқылауға қосқан үлесімен де танымал. Ұстаздың өмірлік жолы – білім мен еңбекке шынайы құрметтің жарқын көрінісі.
Майра БЕКЕТОВА,
М.Дүйсенов атындағы
№15 мектеп-лицей директорының орынбасары





