Шахмат: Балалар кубогы басталды

229

0

Фото: Сыр спорты

Кеше Қызылорда қаласындағы «Нұрсәт» теннис орталығында классикалық шахматтан Аралбай Махамбетовтің жүлдесіне арналған ҚР балалар кубогы ІІ кезеңінің ресми ашылу
салтанаты өтті.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өңірде он жетінші мәрте ұйымдастырылып отырған жарысқа Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттері және еліміздің барлық өңірінен келген 350-ден астам спортшы бақ сынайтын болады.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, Қазақстан шахмат федерациясының вице-прези­денті Марат Есенов, «Freеdom Bank» облыстық филиалы басшысының орынбасары Талғат Кәрібаев қатысты.

Ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Асқарұлы шахмат шеберлеріне сәттілік тілеп, жарыстың тартысты өтетініне сенім білдірді.

– Мемлекет басшысы «Шахмат – адамның ақыл-ойын және қарым-қабілетін ұштауға мүмкіндік беретін бірегей спорт түрі» деп ерекше атап өткен болатын. Осы ретте, әлемде ерекше танымал болған бұл ойын күні бүгінге дейін өз маңыздылығын жой­ған жоқ. Бүгінде облыста 15 мыңнан астам адам шахматпен тұ­рақты айналысады. Олардың арасында облыс тарихында тұңғыш ФИДЕ шебері, шахматтан 3 дүркін Әлем чемпионы, 7 дүркін Азия чемпионы, 18 дүркін Қазақстан чемпионы Әсел Серікбай, жасөспірімдер мен жастар арасында 17 дүркін Қазақстан чемпионы, 3 дүркін Әлем және Азия чемпионы Назерке Нұрғали, 8 дүркін Қазақстан чемпионы, Орта Азия чемпионы Аңсат Алдияр, 2 дүркін Қазақстан чемпионы және Азия чемпионатының жүлдегері Ернұр Ержанұлы, 2 дүркін Қазақстан чем­пионы, Әлем чемпионатының жүл­де­гері, классикалық шахматтан ҚР ба­лалар кубогы І кезеңінің жеңімпазы Ақылжан Мейірханұлын мақтанышпен айта аламыз. Міне, бүгін Сыр елінде ұйымдастырылған ой сайысына бір­неше мемлекет және еліміздің барлық облысынан 350-ден астам спортшы қатыспақшы. Барша жарыс қатысу­шы­ларына сәттілік, шын мықты жеңіс­ке жетсін деп тілек білдіремін, – деді ол.

Сондай-ақ құрметті қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, жарыс ұйым­дастырушыларына алғыс білдірді.
Айта кетейік, шахматшылар ара­сындағы ойын 2-8 мамыр аралығында өтеді.

«СБ» ақпарат