Арал ауданына қарасты шалғай жатқан елді мекендердің жолын жөндеу биыл да жалғасады. Бөген мен Ақлақ, Қаратерең мен Жаңақұрылыс, сондай-ақ Жаңақұрылыс пен Қазалыға қарасты Бекарыстан би ауылымен ауданаралық шекараға дейінгі автокөлік жолын жаңарту – басты жоспарлардың бірі. Бүгінгі өңірлік комуникация қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Мұхтар Оразбаев осы және өзге да атқарылған жұмыстар жайлы айтып берді.
Өткен жылдың есебін аймақ тілшілері алдында баяндаған Мұхтар Оразбаев былтыр ауданға 15,2 млрд теңгеден астам инвистиция тартылғанын айтты. Ал аудан бюджетінің салықтан нақтыланған жалпы түсімі 23,2 млрд теңгені құрап отыр.
– Аудан бойынша өнеркәсіп орындары 15,7 млрд теңгеден астам өнім өндірді. Былтыр барлығы 837,9 мың тонна тұз қазылып, оның ішінде йодталған тұз көлемі 236 мың тоннадан асты. 5,5 мың тонна балық, 278 мың тонна ет, 874 мың тонна нан мен соның өнімдері, 103,1 мың текше метр кварц топырағын дайындаған, – дейді аудан әкімі.
Арал ауданында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 16 жоба іске асқан. Нәтижесінде 667 адам жұмыспен қамтылды. Ал «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында 3 жоба жүзеге асырылуда. Биыл Жақсықылыш кентінен «Спорттық сауықтыру кешені» құрылысы, №19 орта мектебіне 100 орындық қосымша жапсаржай салу және кентіндегі 17 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу басталып кеткен.
Тағы бір айта кететін жаңалық, былтыр 6 елді мекенге Kcell, Tele2 және Beeline операторлары арқылы 3G/4G сымсыз технологияларымен және мобильді ұялы байланыс қызметімен қамтамасыз ету жоспарланған еді. Бүгінде 15 елді мекенінге ұялы байланыс желісі орнатылды. Ал Аққұлақ ауылына операторлар тарапынан монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<