Шапағат шуағы

8

0

Қазақта айтылатын «атадан – өсиетті, анадан – қасиетті» бойына сіңіріп өскен Рақымжан Бәйменов Сырдария ауданының тумасы. Жастық шағы қиын кезеңдерге қоныстандыру, кәмпескелеу, жер аудару, ашаршылық, репрессия және сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келді. Қилы заманды елмен бірге еңсерген жігерлі жан еңбекке ерте араласты. Зеректігімен көзге түсіп, бастауыш мектепті үздік бітірді. Қызылордадағы педагогикалық училищеге түсіп, мұғалім мамандығына ие болды. 1947 жылы еңбек жолын бастады. Аудандағы бірнеше мектепте мұғалім бола жүріп, қаншама баланың білімге деген құштарлығын оятты. Осы салада жауапты қызметті де абыройлы атқарды. Кейін Құндызды ауылдық кеңесіне халық қалаулысы ретінде сайланып, елдегі саяси өмірге де белсенді араласты.

– Бұрынғылар «талайлар өтті-ау жалғаннан, көрген адам таңғалған» деп бекер айтпаса керек. Әкеміз білім саласында еңбек етті. Бір ғасырға жуық ғұмырында артына өшпес із қалдырды. Мінезге бай болмысынан үйренетін, өмірлік ұстанымға айналатын өнеге мол еді. Оны айналасы осындай қасиеті үшін үлгі тұтатын. Адамды тәнті ететін тағы бір кісілік ерекшелігі – көрегенділігі, тынымсыз ізденімпаздығы және адамгершілігі. Ағайынның арасында беделі биік, сыйлы болып, әулеттің абызына айналды. Ізінен ерген жастарға ақыл айтудан жалықпай, тура жолдан таймауға меңзейтін. Сөзі салмақты, ісі тиянақты әкем отбасының да шамшырағы еді. Балаларын ұлттық салт-дәстүрді құрметтеп, адал еңбек етуге тәрбиеледі. Ол бүкіл ғұмырында туған топырағы, өскелең ұрпақ игілігін көретін көп іс тындырды. Онысы атын шығарып атақ алу емес, кез келген іске жаны ашып, шынайы жүрекпен орындауды азаматтық парыз санайтын, – дейді ұлы Әділбек Рақымжанұлы.  

Рақымжан Бәйменов 1952 жылы әскер қатарына алынып, кіші офицерлер дайындайтын курсты бітіреді. Одан кейін 1955-1964 жылдар аралығында №131 «Қызылдиқан» және «1 май» мектептерінде оқу ісінің меңгерушісі, тарих пәнінің мұғалімі қызметін атқарған. 1964 жылы Тереңөзек аудандық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы болып сайланған, 1965 жылы Сырдария селолық өндірістік партия бөлімі секторының партстатистика және бірыңғай партия билеті секторының меңгерушісі болып бекітілген. Ал 1972-1976 жылдар аралығында Тереңөзек аудандық партия комитеті жалпы бөлімінің меңгерушісі қызметінде болады. Сондай-ақ 1977 жылдан 1991 жылға дейін Тереңөзек аудандық кешкі жұмысшы жастар орта мектебінің директоры қызметін атқарды. 1980-1991 жылдары облыстық соттың заседателі ретінде сайланып, заңдылықтың сақталуына үлес қосады. 1945 жылы Ұлы Отан соғысы кезінде қажырлы еңбегі үшін «Ерлік еңбегі» медалімен, 2000 жылы «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталып, тыл ардагері ретінде зейнетке шығады.

– Әкем зейнетке шыққаннан кейін 20 жыл бойы аудандық мешітте наиб имам болды. Елге қызметі еленіп, «Сырдария ауданының құрметті азаматы» атанды. Осыдан 6 жыл бұрын қажылыққа аттанып, бес парызының  бірін өтеді.

 Әке мен ана жаққан шырақ, берген тәрбие балаға өмір бақи азық. Ал берген тәлім ұрпақ бойына сіңсе, сабақтастықтың үзілмегені. Әке өнегесінің арқасында өмірдің сан тарау соқпақтарынан адаспай жол тауып келеміз, – дейді ұлы Ә. Рақымжанұлы.

Өмірін ұстаздық ұлы мұрат жолына арнаған ол үлгілі отбасы бола білді. Жұбайы екеуі 9 перзент сүйіп, оқытып, құтты орнына қондырды. Берекелі шаңырақ иесі «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, жеңімпаз атанды.

 «Жақсының аты өлмейді» деп бекер айтылмаған. Оның есімі ел есінде сақталары сөзсіз.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»