Аймақ басшысының бастамасымен бой көтерген үстел теннисі орталығы – Сыр спортының келешегіне сүбелі үлес қосатын бірегей жоба. Бүгінде елімізде үстел теннисімен 160 мыңнан астам адам шұғылданады.
Мамандардың айтуынша, теннисте бір партияның өзінде әрбір ойыншы жеті шақырым жаяу жүргендей күш жұмсайды екен. Сол себепті үстел теннисі әрқашан жылдамдыққа бағытталған қатал сайыс. Ең бастысы – адамға пайдалы, ойлау қабілетін ұшқыр етуге ықпалы зор.
Осындай спорт түрінің сан қырлы оябын ескерген аймақ басшысы «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен келіссөздер жүргізіп, орталықтың салынуына күш салды. Нәтижесінде 16 үстел теннисі бар ойын алаңы, көрермендерге арналған 350 орындық трибуна, жаттығу залы және әкімшілік бөлмелерді қамтыған іргелі нысан сырбойылықтардың сүйікті орнына айналды. Еңселі екі қабатты орталық күніне 150 адамды қабылдап, жастарды шапшаңдық пен шеберлікке шыңдап келеді.
Қазір қаланың сол жағалауы жастардың жиі бас қосатын тынығу-демалыс орындары ғана емес, сергек спортты серік етуге қолайлы әрі қолжетімді ауқымды ауданның бірі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<