Шаруасы мығымның сенімі бекем

1090

0

Шиелі ауданында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында әлеуметтік-мәдени, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын және инженерлік-көлік инфрақұрылымды жөндеу жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде.

Аталған бағдарлама аясында Шиелі ауданы бойынша  21 жоба белгіленсе, оның 3-і облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілері арқылы жүзеге асады. Олардың жалпы құны – 3002072 мың теңге. Осы жобалар бойынша жаңадан 751 жұмыс орны ашылса, оның ішінде жұмыспен қамту орта­лығы арқылы 378 адам жұмыспен қамтылды.

Бүгінгі күнге 21 жобаның ішінен жеңімпаздар анықталды. 18 жоба бойынша тиісті мәліметтер «Жұмыс орындарын құрудың интеграцияланған картасы» ақпараттық жүйесіне орналастырылып, 378 жұмыс орны енгізілді. Сондай-ақ, жуық арада Шиелі кентіндегі аллеяны абаттандыру, Байсын ауылына газ тарату желілерінің құрылысы, Сырдария өзеніндегі қалқымалы көпірді күрделі жөндеу жұмыстары басталуы тиіс. Олардың дайындық шаралары жүзеге асырылуда.

– Қазіргідей күрделі жағдайда тұрғын­дардың әлеуметтік жағдайы, күнделікті тір­ші­лігі мен күнкөрісі назарда ұста­лады. Осы орайда жоғарыда аталған жол картасы аясындағы бастамаларда іркіліс болмауы тиіс. Атап көрсететін нәрсе, жүзеге асырылатын жобаларға сәйкес құрылатын жұмыс орындарының саны 50-ден асатын 5 жоба бар. Бұл туралы жұртшылықты хабардар ете отырып, оның үйлесімді атқарылуына мән берудеміз, – дейді аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков. 

Осы жобалардың бюджеттік бағдар­лама әкімшілері мен мер­дігерлеріне рекруттік мобильдік пункттер құру жөніндегі тапсырма беріліп, қазіргі уақытта 3 жоба бойынша (Шиелі ауданындағы «Самара-Шымкент-Тартоғай» автомобиль жолының 7,4 шақырымын орташа жөндеу, Шиелі ауданы Жиделіарық елді мекенінде 150 орындық ауыл клубын салу, Төңкеріс ауылындағы №158 орта мектепті ағымдағы жөндеу) ре­крут­тік мобильдік пункт іске қосылды.

Жұмыс ретіне қарай Шиелі кен­­тінің «Көкшоқы» шағын ауданын­дағы атқарылып жатқан шаруаларды бағамдап үлгердік. Мұнда 4  жоба  жүзеге асырылуда. «Нұр-Талап и К» ЖШС шағын ауданның көше жарығын орнату жұмыстарын жеделдете жүргізіп келеді.  Бұл жерде 37 адам жұмыспен қамтылған. Оның 19-ы жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберілген. Сондай-ақ, осындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру бойынша да ілкімді шаруалар жүзеге асырылуда. Жоба жеңімпазы – «Шиелі-Жолшы» ЖШС. 

Кенттегі Тоқтаров, Бекежанов, Қоңыратбаев, Аймауытов, Әл Фараби көшелеріне жаяу жүр­гіншілер жолағын орнату жұмыстарын мердігер «ак-юг құрылыс» ЖШС қолға алды. Бұл жұмысқа 10 адам тартылып, орталық аллеяны абаттандыру жұмыстарын сапалы ат­қа­руда. Осы жерде 21 шиелілік жұмыс орнымен қамтылып отыр.

Күнделікті сақтық шараларына мән берумен қатар ертеңгі күн үшін қажетті шаруалардың қатар жүргізіліп отырылуы ұйымдастыру жұмыстарының қалыпқа түскендігін көрсетсе керек. Бұл тұрғындардың сенімін нықтап, елдің ортақ мүдде барысындағы ұйысуын бекемдейді.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

 Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<