Шаттық шуағы

895

0

Елімізде ана мен бала мәселесі қашаннан басты назарда. Пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде де, карантин уақытында да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ешкімнің мемлекет назарынан тыс қалмайтынын айтып, әсіресе, ана мен балаға қолдау көрсетуге қатысты нақты тапсырмалар берді. Оның ішінде көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларына, мүгедектігі бар адамдар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырғандар тиісті әлеуметтік көмекпен қамтылғаны белгілі.


Отбасына, ана мен балаға деген қолдау мен қамқорлық Халықаралық отбасы күнінде де жалғасын тапты. Атау­лы күн қарсаңында асыраушысынан айырылып, төрт баламен соңғы кезде вагонды паналаған Гүлнар Қалибаеваға баспана берілді. Бұл игі іске қуанбаған жан жоқ шығар.

Сондай-ақ, бұл күні қала мен аудан орталықтарындағы перзентханаларда босанған аналарға сый-сияпаттар жасалып, құрмет көрсетілді.


Мәселен, облыстық перинаталдық орталықта перзентханадан шығатын ана мен балаларға денсаулық сақтау басқармасы тарапынан құрмет көрсетілді. Нәрестелерді үйлеріне шығару салтанатында басқарманың ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Бибізада Дүйсенбаева барша аналарды айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді және сыйлықтар табыстады.

Сонымен қатар жаңа босанған аналарға «Отбасында сәбиге күтім жасау», «Нәрестелердің дұрыс тамақтануы», «Отбасында ерте жастағы балаларға күтім жасау» тақырыптарындағы ақпараттық-әдістемелік материалдар таратылды. Өз кезегінде аналар да қуаныштарымен бөлісіп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлыққа ризашылықтарын жеткізді. Мәселен, 39 жастағы Нұргүл Кенжебекованың бұл сегізінші перзенті екен.


– Баламның есімін әжесі Елжан деп қойды. Сал­мағы төрт жарым келі. Былтыр егіз баламды дүниеге әкелгенмін. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген халқымыздың даналығы рас қой, егіздерімнің дүниеге келуімен көпбалалы ана ретінде баспаналы болдым. Қазір отбасымызбен сонда тұрамыз. Аман-есен босанып, үйіме қайтқалы тұрмын. Осы ретте барша медицина саласының қызметкерлеріне, ел ағаларына алғысымды білдіремін, – деді Назгүл.


Қала тұрғыны Айдана Дәуренбекова да жетінші бөпесін босанған көпбалалы ана. Ол да ақ халаттыларға ризашылығын жеткізді.
Жаңақорған аудандық перзентхана бөлімінде бұл күні төрт сәби, екі ұл, екі қыз бала туылды. Мерекеде ел демографиясын дамытуға үлес қосып, шаңырақтарын шаттыққа бөлеген аналарға құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды.

Мұндай игі шара Шиелі ауданында да көрініс тапты. «Nur Otan» партиясының Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы мен аудандық әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы мерекеде дүниеге сәби әкелген аналарды құттықтап, аудан әкімінің құттықтау хаты мен сыйлықтарын табыстады.


Иә, «Отан – отбасынан басталады», «Отбасы – шағын мемлекет» дейміз. Олай болса, әр шаңырақтың шат-шадыман күй кешіп, бай-қуатты болғаны маңызды. Осы орайда ана мен балаға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек пен қолдаулар жалғаса берері сөзсіз.

Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<