Шаттық ұялаған шақ

21

0

Фото: Облыс әкімдігі

135 пәтер табысталды

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қызылорда қаласының Титов шағын ауданында 135 пәтерлік тұрғын үйдің пәтер кілттерін табыстау рәсімі өтті. Бұл тұрғын үй кезекте тұрған халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына берілді. Рәсімге Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева, құқық қорғау органдары мен жауапты сала басшылары, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты.

Аймақ басшысы қарқынды құрылыс алаңына айналған қаладағы игілікті іс­терге тоқталып, жаңа пәтер иелерін құттықтады.

– Осы жыл жаңа бастамалар мен жарқын жоспарлар жүзеге асатын, береке мен бірлігімізді бекемдей түсетін кезең болмақ.

Бүгін, міне жерлестеріміздің баспа­налы болу қуанышына ортақтасып, пәтер кілтін табыстау рәсіміне жиналдық.

Президентіміздің, Үкіметтің қол­дауы­мен барлық салада серпінді жобалар жүзеге асып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытында оң тенденция қалып­тас­ты. 2022 жылдан бері өңірде 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынып, ел игілігіне берілді. Тұрғындарды баспа­намен қамтамасыз етуге бағытталған мем­лекеттік-әлеуметтік саясат нәтижелі іске асуда. 2022-2024 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер табысталды. Алғаш рет барлық ауданда 1800-ге жуық жаңа пәтер жерлестеріміздің игілігіне айналды. Қаламызда заманауи жаңа дизайнмен жеті, тоғыз және он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.

Аймағымыздың ажарын айшық­тап, сәулетіне сән қосатын, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін бе­ретін құрылыс индустриясын дамытуда құрылысшыларымыздың үлесі орасан зор. Жаңа шаңырақтарыңыз татулық пен берекеге толы болғай! – деді облыс әкімі.

Салтанатты шарада тұрғын үй құ­рылысына атсалысқан мамандар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев сөз сөйледі.

Өңірлік бағдарлама өрісі

Сондай-ақ Қызылордада «Сыр жастары» өңірлік бағдарламасымен баспаналы болған 100 жас отбасыға пәтер кілттерін табыстау рәсімі өтті. Аймақ басшысы жаңа пәтер иелерін қоныс тойымен құттықтап, өңірлік бағдарламаның тиімділігін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Кемелұлы «Еңбек жолын енді бастаған жастардың бірден пәтер сатып алуы оңай емес. Сондықтан жас­тардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі» деген болатын.

Бүгінде облысымыздағы жастар саны 250 мыңға жуық, яғни аймақ халқының 30%-ы. Өткен жылы жас­тар саясатын дамыту мен қолдауға жергілікті бюджеттен 2 млрд 105 млн теңге бағытталды. «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасына 1 млрд 200 млн теңге, «Отбасы банк» тарапынан 500 млн теңге, жобаларды қолдау мен жүзеге асыру үшін 310 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.

«Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы 2023 жылы қабыл­данды. 2024 жылы 100 жас отбасы баспаналы болды. Жастарды мемле­кеттік қолдаудың айқын дәлелі ре­тінде бүгін 100 пәтерлік 2 тұрғын үй білім, медицина, мәдениет, спорт, қар­жы, әлеуметтік салаларда қызмет ететін жас отбасыларға табысталуда. Әр шаңырақта береке-бірлік орнасын! – деді облыс әкімі.

Жиында тұрғын үйлерді салған мердігер «Nur B group» ЖШС құры­лысшылары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов сөз сөйлеп, құттықтауын жеткізді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық да­муындағы серпінді жұмыстарды атап өтті. Облыс әкімі және қонақтар өңірлік бағдарламамен пәтер алған жас маманның жаңа пәтеріне кіріп, ізгі тілектерін білдірді.