Шеберлігі шыңдалған маман

206

0

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қызылорда қаласының тұрғыны Қайрат Ахметов уақыт сұранысына сай электрик мамандығын таңдаған. Шаһарды жарықпен қамтамасыз ететін мекемелерде еңбек етіп келеді.

Ол 9-сыныптан кейін С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжіне түсіп, электрик мамандығын алды. Колледж қабырғасында да белсенді студент атанды. Ұстаздарынан болашақ кәсібінің қыр-сырын меңгеріп шықты. Еңбекке ерте араласып, үнемі ізденісте жүретін алғыр жастың талабы таудай болды. Оқу бітіргеннен кейін еңбек жолын жеке компаниядан бастады. Онда он жылдай еңбек етіп, 2019 жылы қаланы энергиямен жабдықтаушы «Энергосервис» ЕЖШС мекемесіне ауысты.

– Осы салада жүргеніме 15 жылдай болды. Колледжді бітіре сала жұмысқа тұрдым. Сол уақытта жол көрсетер, бағыт-бағдар берер жандар көп болды. Білікті мамандардан тәлім-тәрбие алдым. Солардың үйреткенін өмірлік тәжірибемде қолданып келемін. Жұмысқа деген қызығушылығым артты. Кәсібімнің қиындығына қарамастан сүйіспеншілікпен атқарамын, – дейді ол.

Бүгінде шеберлігі шыңдалған электрик «Қызылорда электр тарату тораптары ком­паниясы» АҚ мекемесіне жұмысқа орналасты.

– Кезекшілікпен жұмыс істейміз. Біздің мекеме қаланы жарықпен толық қамтамасыз етеді. Көше бойындағы электр сымдарын жаңғырту жұмыстарымен де айналысамыз. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Жалпы, жұмыстың оңайы жоқ. Биікке көтерілген сайын ток күшінің қуаты да соншалықты қауіпті. Сондықтан қауіпсіздік техникасы мен шараларын қатаң ұстанамыз. Ауа райының қолайсыздығына қарамай, уақыт­пен санаспай, қиындықтарға берілмей жүктелген тапсырмаларды тиянақты орын­даймыз. Біздің басты міндетіміз – желілердің сенімді әрі сапалы жұмысын қадағалау, – дейді ол.

Кәсіби шеберлігін үздіксіз жетілдіріп, еңбеккерлігінің арқасында басшылық құрам­ның да сеніміне ие болған ол ортасына сыйлы, біліктілігі үшін де талай мәрте алғыс хатпен марапатталды.

Расында, жұмысшы мамандықтар – еліміздің әл-ауқатын көтеретін күш. Сол себепті оларды мемлекет тарапынан қолдауға ерекше басымдық берілуде. Күнделікті  азық-түлік, киім-кешек, сынды қажетті тауарлар да жұмысшылардың еңбегінің арқасында келеді. Жайлы баспана да қарапайым құрылысшының еңбегінің нәтижесінде соғылады. Қай істің басы-қасында жұмысшы мамандар жүреді. Еселі еңбектің арқасында халықтың тұрмысы түзеледі. Қайрат та күндіз-түні электр желілерін жаңғыртып, жөндеп, жаңадан ашылған кәсіпорын, мекеме мен тұрғын үйлерді жарықпен қамтамасыз етіп келеді.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<