Шеберлік сыры – шындықта

9

0

Жазушы Нұрлыбек Саматұлының «Шең­гелдің шешек атуы» атты әңгіме­лер жинағына енген «Қаңбақ» атты сим­волдық әңгімесіне, біздің жете түйсініп білуімізше, сол сияқты зерделеп ой сараптауымызша оқиғасы жедел қарқынды өрбіп отыратын, терең астармен берілген кешегі алмағайып замандардағы қым-қуыт зұлматтарға толы Ұлы төңкеріс ке­­сірінен қабырғалы қазақ жұртының қаң­бақтай қақпақылға түскен аянышты тағдыры шартты түрдегі әфсаналық сипат бойынша басты желі етіп алынған.

Көзіқарақты оқырман ә дегеннен-­ақ кә­дуілгі қаңбақтың (жапан даладағы шөп тұқымдасының) тіршілік етіп тірі қалу үшін аласұрған агониялық халдегі келбет-көрінісін жадына тоқиды. Ал біз қаламгер ретінде шығарманың айтар ойы тым әріде жатқанын, сарыны сонау уақыт қатпарларынан қазірге күңірене жеткен, солай бола тұра қайсыбір көңілімізде әлі күнге қоламтадай маздап ояу қалған тұңғиық түпсананың ишарат ымымен, қилы мезгілдердің қисапсыз ауыртпалық жүгімен бүгінгі күнге дейін талайлы тарихымыздың жүріп өткен «тар жол, тайғақ кешулі» бедерлі белестерін астарлы мазмұн арқылы аңғартқан жайларды іштей ұғып, жете танығандай болдық.

Жалпы, қай шығарма болмасын, оның мәйекті мазмұны мен көркемдік келбетін беташар туынды ашып тұратындығы бел­гілі. Сол қалыптасқан қағида ғадетімен біз де осы күрделі сюжетке құрылған «Қаң­бақ» әңгімесіне арнайы тоқталмай кете алмадық. Әңгіме тұнжыраған кейіптегі күзгі сүреңсіз табиғат көріністерінің үздік­сіз қозғалыстағы қалыптасқан үдерістерін жанды кейіпте суреттеуден басталған.

…«Жалпақ жазықтың бір бүйірінде жалқы өскен Қаңбақ Күннің біресе қыз­ғылт реңденіп, біресе оған сарғыш бояу араласып, біресе жасылын жұқтырып мың құбылған көзіне соңғы рет сұқтана қа­рады»…

Жүдеу дала төсінде жел шайқап, ұшар мезеті мен қонар жерін алқымнан алатын қара суық ызғарымен жөңкілген жел ғана білетін қаңбақтың тағдыры ет пен сүйектен жаралған кәдуілгі адам баласының түрлі заңдылықтарға толы сан қырлы, сан түрлі пәнилік өмірсапарымен сабақтас өрілген. Бұл арада біз автордың алдағы кезде өрістеп дами түсетін, әзірге беймәлім шы­­­ғармалық оқиға өрісінің жандының (адам) және жансыздың (өсімдік) өзара жара­ты­лыстық мінез құбылыстарының тағ­дырлас үйлесуі, ұқсас сарындағы об­раз­дық кейіптесуі, ортақ әрекеттік қаты­настар жасауы арқылы жалғастыра келе сюжеттік желіні тың әдеби тәсілмен шебер жымдастыра отырып параллельдік оқиға өрбіту тұрғысында оларды әрдайым қатарластыра алып жүргендігін байқадық.

Тағы бір мезет аясында тек қазақи болмысқа тән ұлттық-этнографиялық, сонымен қатар мифологиялық шығарма табиғатын зерек зердемен жақын танып, қаламгер ғана емес, қатардағы қарапайым оқырман ретінде де терең түйсінгеніміз мына келесідегідей сипатта болып шыққандығын айтпай кету ақиқатқа қиянат болар деп әріптестік адал ниетпен әрдайым ағымыздан жарылсақ, әділдігімізден жаңылмасақ, бұл тұжырым әсте де артық айтқандық болмас еді. Жазушы қызу сарынға толы толғақты сезім ырғағында өз қиялын қияға шарықтатып, кей оралымдарда күтпеген тұстан эмо­циялық сана сілкінісіне ерік беріп, екпінді ой иірімімен сюжеттік ширығу сәтінен бір де жаңылмай өрістеу желісін одан әрі дамытып, күрделі мағына түйінін сәтімен тарқатып кете береді. Оның бір­ден-­бір айқын мысалы, шарықтау шегі мына динамикалық баяндаудан бар ай­қындауыштық толымды сипатынан, ішкі эстетикалық қуаттан, зерделілік жүйе­ жүл­гесінен барынша толық көрінеді. Нақ­ты дәлел келтірейік, әңгіме құрылы­мына жүгінейік.

…«Бетбақ жел беталды домалана жө­нелген Қаңбақты құтырына қуалап, көкке ұшырып, көктен ұрып жерге түсіріп, сілесі қатқанша салды-­ау ойнақты. Сонда айызы қанар түрі жоқ. Жерге соғылған са­йын тұқым­тұяғы саулап төгіледі. Саулап төгілген сайын сықылықтап күле береді. Күлкісін тыя алмайды»…

Тағы да сол ілкімді ізденіс аясында көтеріңкі көңіл күйі ауанынан бір сәтке де көз жазып қалмай және де бұған қоса лықсып келген ағыл-­тегіл тасқынды шал­қар шабытының тізгінін тартпастан әңгіме желісін одан әрі жалғап, оқырманды елік­тіре түседі. Аталған әсерлі әңгімені бір деммен оқи отырып, бұған төмендегіше анық көз жеткізе түстік.

…«Соқ! Соққыла! Ұрғыла! Аяма! Жын­ды жел! Жын­ды жел! Жын­дысың се­ен!»

…«Ах­а­ха! Та­ма­ша!»…

Осындайда Алтай табиғатының ғажа­йып жыршысы ретінде кең танылған қа­зақтың қарасөз өнерінің дара тұлға су­реткері Оралхан Бөкейдің 1977 жылы жа­зылып, кейін қайта өңделіп, 1984 жылы сол кездегі қалың ұлт оқырманының көз­­а­­йымына айналған, «Біздің жақта қыс ұзақ» жинағына енген атақты «Қар қызы» повесі ойға оралып, еріксізден­еріксіз еске түседі. Оның осы айтулы шы­ғар­­масындағы сан қырлы сипатқа ие уақыт пен шексіз кеңістік, тұмса табиғат пен әралуан мінезді адамдар, олардың ішкі тол­ға­ныстары, екеуара диалогтары өзара шебер үйлесіп, тұтас бір дара да­уыстағы гаммалық құраммен түзілген еді. Бұл тұрғыдан алып қарағанда жазушы Нұрлыбек Саматұлының «Қаңбақ» әңгімесі біз үшін кейбір тұстарда астарлы да аянышты аллегориялық ой ұшқындары да қылаң беріп қалатын сюжеттік маз­мұны, образ құраушы құрылымдық ерек­шелігі, психологиялық суреттеулер, әре­кет үстіндегі кейіп-­кескіндер ұқсастық тауып, шебер үйлесіп жатқандай көрінеді.

…«Ұйысқан бір бұтағы (бұл арада аталған әңгімедегі Қаңбақтың бұтағы жай­лы айтылып отыр. ­ Б.А.) шеңгелдің ді­ңін қармап қалған екен, желдің айналдыра қуалағанына ажырай қоймады.

«Жіберші, шеңгел!» деді іштей жалынып. Шөп тектестердің дауыстап сөйлей алмайтыны қандай жаман…

Шеңгел міз бақпады.

«Жел! Жел-­ау, жел! Үйіріп соқшы!»…

… «Бір мезет қарсы алдынан ыстық леп лекілдеп білінгені. Шұбатыла шалқып, қызыл тілі жалаңдап, өршелене көкке ұмтылып, қарсы тұста алаулап от жанып жатыр. Қызуы сонадайдан бетке ұрды. Ырықсыз ұшып­-қонып, қаңғалақ қаққан Қаңбақты желігі басылмаған әупілдек жел апшысын қуырған қалпы өкшелеп, құ­йындата қуалап кеп, лаулаған алаудың қып­-қызыл өңешіне сүңгітті де жіберді.

Лап етіп ілезде жанып-­сөнген Қаңбақ­тың күлі де қалмады».

Сюжеттік құрылымы тастүйін шымыр, жанрлық баяндау тәсілі мен көркемдеуіш­айқындауыш құралдары шығарманың өн бойынан мейлінше аз суреттеу тәсілі арқылы қаңбақ кейпіндегі саналы жаратылыс иесінің (адамның) жанұшырған жандалбаса қарекеттері, ішкі монологтары біртұтас желі ретінде қаламгердің бүгінгі қазақ прозасында қалыптасқан өзіндік дара қолтаңбасын танытып тұр. Онда түрлі тұлғалық кейіпкерлердің, яғни жо­йып-жаныштаушы жатжұрттық жойқын дүлей күш пен ен далада панасыз тірлік кешкен әлсіз қауым өкілінің ситуациялық мінездік әрекет құбылыстары, ізгілік ру­хындағы моральдық асыл қасиетті және бұған қашанда атымен жат қараулық пи­ғыл көрінісін басты өзек етіп алған қа­рама­қарсы полюстегі көзқарастар терең ойларға жетелейді, іштей толғануға ерік­сіз мәжбүрлейді. Осы орайда стилі мо­дернистік дәстүрге негізделген қаламы қуатты қаламгер Нұрлыбек Саматұлының «Қаңбақ» аталатын бұл символдық әңгі­месі өзіндік өрнекке ие, өзгеше пішіндегі табысты шығарма деп баға берген болар едік. Табысты шығарма болатын себебі, оның үзілмес алтын арқауы – қашанда шындықпен шендестіріле өрістейтін, оқыр­ман үшін көптен іздеп жүрген қым­батын жоқ жерден тауып беріп, қолға ұстатып қуантардай кәдуілгі қарапайым ақиқат. Қаламгерлік шынайы шеберліктің басты сыры да осында.

 Бақытжан АБЫЗОВ,

Ақын