Қазақстандықтар әртістер мен блогерлерден жаппай бас тартып жатыр. Олардың жазылудан бас тарту себебі — марқұм Шерзаттың ісі. Қоғамда үлкен резонанс тудырған істе танымаь адамдардың үнсіз қалуына наразылық білдірушілердің әрекетінен кейін жұлдыздар жаппай «Шерзат ісі» жайлы жазбалар мен стористер жариялай бастады.
Orda.kz «Шерзат ісіне» қатысты жаппай жаба салып жатқан жұлдыздарды назарларыңызға ұсынады.
«Өте ауыр жаза»
Әнші Айқын Төлепберген осы мәселе жайлы өзінің парақшасында Шерзаттың әкесін түрмеге қамамай, психологиялық көмек берілуі қажет екенін атап өтті.
«Шерзаттың әкесіне қылмыстық іс қозғалып, қамауға алыныпты. Менің ойымша, өте ауыр жаза. Баласын жоғалтты, одан кейін інісі кетті. Құрметті, сот мырза! Шерзаттың әкесінің орнына өзіңізді қойып көріңізші. Қандай қиын жағдай! Ағасы оқиғаны көзбен көрген куәгер еді. Пышақты әдейі алып жүгірген жоқ. Психологиялық эффект сипатындағы көрініс болды. Оданда түрмеге қамамай, психологиялық көмек берілу керек еді. Әпкесін елден қуып, жер аударады екен. Онсызда аз қазақ едік. Өзіміз жеткізе алмай жүргенде, сіздер сыртқа қуасыздар! Қазір, бүкіл ел қайғырып, жылап жатыр! Құрметті, құзыретті орган өкілдері! Істің ақ-қарасын ажыратып, әділ сот өткізіңіздер!», — деді Айқын Төлепберген.
Сонымен қатар танымал әртіс, продюссер әрі тележүргізуші Нұрлан Қоянбаев та жазба қалдырып, соттың ашық болуын қалайтынын айтты.
«Талғардағы жағдай бойынша, енді жақын арада сот басталады екен, Сот ашық болуын қалаймыз, бүкіл ел қарайтындай жағдай жасалады деп күтеміз! Соны күтеміз! Ең бастысы елдің бірлігі, сол үшін жалған ақпаратқа арандап қалмайық», — деп жазды Нұрлан Қоянбаев.
Сондай-ақ әзілкеш, әрі тележүргізуші Нұрмахан Мұқанұлы да бұл іс жайлы «ата заң атамызды қорғауға ғана жарап тұр» деген астарлы жазумен Перизат Нұрымовтың берген сұхбатын салды.
Сонымен қатар ол жазылымнан бас тартып жатқандарға елдегі жағдайларға президенттен бастап, жергілікті басқару орындарындағы адамдарға дейін жауапты екенін айтты.
«Егер сен тиктоктағы блогерлерден отписка #отменаблогеров дегенге еріп, соны қолдап жатсаң мына нәрсені ұғынып ал: елдегі жағдайға жауапты ол президенттен бастап жергілікті басқару органдарына дейінгі адамдар. Қашан солардан өз жұмысын істеуді талап етіп үйренесің сол кезде бірдеңе өзгереді. Ал қазір сол жауапты адамдардың сенің отпискаңа қуанып, миығынан күлуіне себепші боп жатсың. Әрине, эмоциямен біраз нәрсе айтуға болады. Бірақ салқындылықпен өз мамандарынан спрос жасауды да үйренсек…», — деді Нұрмахан Мұқанұлы.
«Мемлекеттің ойыны!»
Сонымен қатар жазылымнан бас тартып жатқан бейнежазбаларда «менмұндалап» тұратын блогер Нұрдәулет Бектұрсын да сторис салды.
«Бізге жау керек емес өз өзімізбен ұрсып жүреміз. Шерзаттың отбасы туыстарына оңай емес. Қазір өздері камауда… Тезірек шығып денсаулығын реттесе. Әр нарсені бір айтпай әділ шешім шығуына кедергі жасамайық. Осындай ситуацияларды арамдар өз максатына колданып кетпесін», — деп жазды Нұрдәулет Бектұрсын.
Әнші Серік Ибрагимов те осы бейнежазбаны жаралы жүрек эмоджиімен салып үлкен жазба қалдырды.
«Біздің әңгімемізді бұрында тыңдамаған, қазір де тыңдамайды! Карантинның алдында, карантин кезінде, әнші, актер, блогер жаман атқа қалып, сол карантинді жасаған, басқада жаман дүниенің бәрін жасаған біз сияқты көрінген едік халыққа. Сол кезде журналисттердің арасынан хайп қуғандар, абыройын, намысын ақшаға сатқандар біздерге келіп қалың қылып күйесін жағып қарапайым халықты біздерге айдап салған болатын. Қазірде солай болып тұр ғой! Әйтпесе қазір қолында тұрғой эфирі сол жерден қайта қайта айтып абыройдың бәрін өздері алсын. Сосын қолында ұялы телефоны бар инста тик ток-гы барлардың бәрі халық жанашыры ғой! Бұл жерде кінәні кішкене аты бар танымал адамнан емес, осындай бишәрә күйге түсірген заңнан іздеу керек! Негізі Бұл мемлекеттің ойыны! Халықтың назарын басқа жаққа бұру! Бізге керек емес заңдар қабылданып жатыр! Теңгенің құлдырауы, газдың тапшы болуы, жылдамдық үлкен трассада 110 нан аспауы, керек емес бағдарламаның қаптап шыға беруі, Қазақ тілі мәселесінің мүшкүл күйде екені, мектептерде ұстаздардың құқығы қорғалмауы айта берсең көп… Бұл жерде кішкене ойланып барып кірісу керек ел іргесін ыдырататын қара пейілді адамдардың пландарын да орындалуына да ат салысып кетуіміз мүмкін. Кешегі қаңтардағы оқиғаны бір ойлап қойсаңыздар болады…
Әрине марқұм Шерзаттың отбасындағы жағдай өте қиын, Алла жеңілдік берсін! Дұға да болайық тілектес болайық! Әділдік орнасын!», — деді Серік Ибрагимов.
«Баланың әкесін босатыңдар!»
Ал танымал кино әртісі Әлия Байбосынова «Айуандықпен өлтірілген баланың әкесін босатыңдар» деп жазды.
Тойларда хит болған «Мария Магдaлена» әнін айтатын Асхат Тарғын да Шерзаттың әкесін қамауды мақаралыққа балап сторис салды.
«Қаржаубай бауырымыз баласынан, бауырынан айрылды, үйі өртенді. Енді үстінен қылмыстық іс қозғап жатыр диді, бұл не масқара Әділдік орнасын!», — деді Асхат Тарғын.
Әнші Алмаз Кішкенбаев та Қаржаубай Нұрымовқа психологиялық көмек қажет екенін айтты.
«Бұл енді сұмдықкой… Бұл кісіге әділдік пен психологиялық көмек керек еді…», —деді Алмаз Кішкенбаев.
Репер De lacure лақап атымен танымал Әнуар Баймұхаев та наразылығын білдірді.
Әнші Луина да наразы екенін айтып, «мұндай жағдайды кинода да ойластырмайтынын» айтты.
«Бұл әділетсіздік неден туып отыр. Бұл отбасын кім қорғауы керек? Ең сұмдығы — бассыздық әлі болып жатыр. Мұндай жағдайды кинода да ойластырмайтын шығар», — деді Луина.
Сонымен қатар әзілкештер Арман Жұмагелдиев, Нұрсұлтан Жақсыген, Марат Әлібаев, кино әртіс Гүлназ Жоланова, әнші Әли Оқапов, әнші Нұрболат Қанай, кино әртіс Асылхан Төлепов те Шерзаттың ісіне қатысты стористер салды.
Естеріңізге сала кетейік, Қаржаубай Нұрымов 10 желтоқсан күні ағасының жаназасында ұсталды. Ол жүк көлігінің төбесіне шығып, ұлы мен ағасының өліміне қатысты әділ тергеу жүргізуді талап еткен болатын. Сот оны ұсақ бұзақылық пен полиция қызметкерлеріне шабуыл жасады деген айыппен 15 тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Алайда Нұрымов бұл айыптарды жоққа шығарып, тек полиция көлігінің дөңгелектерін тескенін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, Orda.kz бұған дейін отбасының адвокаты полиция сөздерін жоққа шығарып, туыстары да, өкілдері де Қаржаубайды қамауды сұрамағанын мәлімдеген болатын.
Еске сала кетсек, 10 желтоқсанда Азат ауылында Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың жаназасы өте салысымен арты үлкен дауға айналды. Қаржаубай Нұрымов журналистермен кездесуді талап етіп, тіпті өз-өзін пышақпен жарақаттап тастады.
Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты оқиғаның егжей-тегжейін мына репортаждан оқи аласыз.
Еске сала кетсек, ІІМ бірінші орынбасары Бауыржан Әленов пен бас прокурор Берік Адамов және тергеу ісін қолға алған Самат Айысов 15 қазан брифинг өткізген. Олардың артынан ұсталғаны мәлім болды. Ұсталғандардың кім екенін сол брифингте айтып берген еді.
Шерзаттың үйі өртенген түні болған оқиғаны мына сілтемеден оқыңыз.
Сонымен қатар кейін ұсталған екі адам жайлы, күдіктілердің бірінің анасы БАҚ-та айтылып кеткен санды толтыру үшін ұлын жазықсыз ұстағанын айтып мәлімдеме жасаған болатын.
Бүгін, 13 желтоқсанда, Қаржаубай Нұрымовтың жары Гүлбара Бишімбиева жұбайына үйден дайындаған ыстық тамақ пен жылы киім тапсырғанын айтты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<