Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына жұмыс сапарымен барып, Парламент Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Мұрат Бақтиярұлы, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, жауапты сала басшылары, зиялы қауым өкілдерімен бірге Ұлыстың ұлы күніне арналған көпшілік іс-шараға қатысты.
Аудан жұртшылығын Наурыз мейрамымен құттықтап, аймақта атқарылған ауқымды істерге және алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстарға тоқталды.
– Баршаңызды береке мен бірліктің бастауы болған Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Президент бастамасымен өткен жылдан бері Наурыз мейрамы «Наурызнама» онкүндігі аясында тойлануда. Бұл көктем мерекесінің мазмұнын байытып, көпшілікті ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіреді.
Ұлыстың ұлы күні Сыр еліне толайым жаңалықтарымен келді!
Президенттің, Үкіметтің ерекше қолдауымен байыпты бастамалар қолға алынып, жасампаз жобалар нәтижесін беруде. Өткен жылы облыстың бюджеті 750 млрд теңгеден асты. Жергілікті кәсіпкерлер, меценаттар туған жерді түлетіп, көркейтуге күш-жігерін салып, демеушілік көрсетіп, белсенділік танытты.
Әз Наурыз тәуелсіз елімізге, туған жерімізге молшылығымен, игілігімен келсін! Жеріміздің тынысы кең, еліміздің мерейі үстем, халқымыздың келешегі кемел болсын деп тілеймін! Егініміз бітік шығып, қамбамыз астыққа толсын! Әр шаңыраққа бақ-береке, шаттық, қуаныш орнасын, – деді облыс әкімі.
Мерекеде тақырыптық киіз үйлер тігілді. Ұлттық қолөнер бұйымдары көрмесі, ұлттық ойындардан сайыс ұйымдастырылды. Аймақ басшысы бүлдіршіннің тұсауын кесіп, қадамына сәттілік тіледі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуына үлес қосқан белсенді азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, еңбек ардагері, Шиелі ауданының құрметті азаматы Рахим Мәуияұлы ақ батасын берді.
Ғимараттың іргетасы қаланды
Одан әрі облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Шиелі кентінде 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебінің» іргетасын қалау рәсімі өтті.
Жаңадан бой көтеретін ғимараттың бас мердігері «СПМ -Қызылорда» ЖШС нысанды биыл ел игілігіне береді. Кейінгі жылдары Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналды. Мәселен, «ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы», 3 ауданда 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» бой көтерді.
«Шығармашылық академиясы», музыкалық колледждің жаңа ғимараты мамыр айында аяқталады. Дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты да шәкірттерге есік ашпақ.
Биыл «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданының «Жалаңаш» ауылынан 150 орындық мектеп салынады. Былтыр 3 млрд 100 млн теңгеге 8 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді.
Мемлекет басшысының 1300 мектепті жаңғырту тапсырмасына сәйкес алдағы 3 жыл ішінде облыстағы 51 мектеп, оның 9-ы биыл күрделі жөндеуден өтеді.
Кәсіби спорттың баспалдағы
Мұнан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Ыбырай Жақаев ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуына қатысты.
Аймақ басшысы жұртшылықты мерекемен құттықтап, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз» деген болатын. Бұл бағытта облыс тұрғындарының спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалуда. Өткен жылы қазан айында Қызылорда қаласында «Үстел теннисі» орталығы пайдалануға берілсе, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 11 мың орындық Орталық стадион салынуда. Нысан алдағы мамыр айында ел игілігіне табысталады. Жақын күндері Қызылорда қаласында көпбейінді «Қызылорда Арена», денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталмақ.
Жыл басынан бері Қармақшы ауданындағы «ІІІ Интернационал», Дүр Оңғар елді мекенінде, Сырдария ауданының «Бесарық» ауылында жаңа кешендер қолданысқа берілді. Енді екі ауданда спорт кешені ашылады. Жаңа спорт ғимараты құтты болсын! Баршаңызды жыл басы Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! – деді аймақ басшысы.
Жиында бірқатар азамат облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Қызылорда облысының құрметті азаматы Ибрагим Әбибуллаев батасын берді.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<