Өткен жылы Шиелі ауданында ауқымды істер атқарылды. Барлық салада ілгерілеу бар. Бұл туралы аудан әкімі Айтбай Жандарбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.
Аудан бюджеті 16,5 млрд теңге, оның ішінде кіріс 7,7 млрд теңгеге жеткен. Өткен жылдармен салыстырғанда кіріс көлемі артқан. Бұл – жоғары көрсеткіш.
– Былтыр ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. Өнеркәсіп өнімін өндіру 100,1, өңдеу өнеркәсібі көлемі 100, ауыл шаруашылығы өнімі 101,1, инвестициялар тарту 103,4, тұрғын үй көлемі 100,3, құрылыс жұмыстары 120,3 және бөлшек сауда 104,1 пайыз орындалды, – деді аудан әкімі.
Кәсіпкерлік саласында атқарылған іс көп. Шағын және орта кәсіпкерлік саны 6347-ге жетіп, оның 6164-і жұмыс істейді. Былтыр мемлекеттік бағдарлама бойынша 307 жоба жеңілдетілген несие және грант алды. Сондай-ақ жыл сайын ауданда жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың саны артып келеді. Мәселен былтыр 10 ірі инвестициялық жоба қолға алынды. Олардың қатарында «Тезис» ЖШС-ның қуаттылығы 40 МВт күн электр станциясы, «VIGOR Holding» ЖШС-ның қуаттылығы 20 МВт күн электр станциясы, «Эко Энерджи Плюс» ЖШС-ның «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының бойындағы газ құю бекеті мен сервистік қызмет көрсету кешені, «Ақмая» ШҚ күріш ақтау зауыты, «Таң ЛТД» ЖШС жүгері дақылын кептіру, терең өңдеу және тағы басқа жобалар бар.
Ауыл шаруашылығы саласында 52,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 101,1 пайызға орындалды. Мал басы еселенді, 30192 гектар жерге егін егілсе, оның 12301 гектары негізгі дақыл – күріш. Әр гектарынан 61,3 центнерден өнім жиналып, 75 405 тонна Сыр салысы қамбаға құйылды. Су тапшылығының алдын алу үшін ерте көктемде 9500 гектар жер лазерлік тегістеуден өтіп, 2100 гектарға дақылдар тамшылатып суару әдісімен егілді.
Игі бастамалардың бірі кейінгі 4 жылда ауыл шаруашылығы құрылымдарының техника паркі отандық және шетелдік техникалармен толығып, 68,5 пайыз жаңарды. Былтыр 33 жаңа техника әкелінді.
2023 жылдан бері «Ауыл аманаты» жобасы іске асып келеді, 145 жоба қаржыландырылды. Одан әрі дамыту үшін демеушілердің қолдауымен «Ауыл аманаты» орталығы ашылды.
Құрылыс үздіксіз салынуда. Тұрғын үй, әлеуметтік нысандар, спорт кешендері ел игілігіне беріліп жатыр. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде кентте спорт кешені және Бестам ауылында 150 орындық клуб ашылды. Кенттегі «Шығыс», «Ақорда», «Шұғыла» шағын аудандарындағы жол, электр, су, газбен жабдықтау инфрақұрылым құрылыстарына тиісті қаражат бөлініп, жұмыс басталды.
Брифинг барысында аудан әкімі Жөлекте, кенттің Абай көшесі бойында спорт кешендері салынып, күрделі жөнделгенін және Шиелі теміржол вокзалының қайта жаңғыртылып жатқанын айтты.
Баспанамен қамтуда 2021 жылдан бүгінгі күнге дейін 370 пәтер халық игілігіне берілді. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтар үшін 52 пәтер салынып, тұрғындарға баспана кілті табысталды.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шаралары да жүйелі жүргізілді. Жыл өткен сайын ауданда жол мәселесі де оң шешімін тауып келеді. Кент, ауыл көшелері жөнделіп, қайта салынуда. «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 8 шақырымын қайта құрылымдау жұмысы жүргізілуде. Ал «Шиелі-Тайқоңыр» автомобиль жолының 13 шақырымы «ҚазАтомөнеркәсіп» компаниясы демеушілігімен күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар Бәйгеқұм, Ә.Тәжібаев, Тартоғай, Ы.Жақаев, Алғабас, Бидайкөл елді мекенінің ішкі көшелеріне күрделі және орташа жөндеу жұмысы жүргізілді. «Шиелі-Қарғалы-Байкенже-Жаңақорған» облыстық маңызы бар автомобиль жолының 10 шақырымы орташа жөнделген. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі, кезең-кезеңімен атқарылуда. Тұрғындар жол сапасының жақсарғанына дән риза.
Кенттегі Есабыз ата және Ә.Молдағұлова көшелерінің қиылысындағы К-4 каналына көпір салу жобасы әзірленуде.
Аудан халқы «көгілдір отынның» да игілігіне кенелген. Жыл сайын газ тартылған елді мекендер көбейіп келеді. Нақты айтар болсақ, 18 елді мекен табиғи газбен, аудан тұрғындары 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз етілген.
Кенттегі Шиелі электр жүйесінің қосалқы станциясы толықтай жаңартылды. Сұлутөбеде «Baikonyr Solar» ЖШС-ның қуаты 50 МВт күн электр станциясы жұмыс істесе, жыл басында Еңбекшіде «Тезис» ЖШС-ның 40 МВт күн электр станциясы іске қосылды, «VIGOR Holding» ЖШС-ның қуаттылығы 20 МВт күн электр станциясы биыл мамыр айында пайдалануға берілмек. Ауданды жасыл энергиямен қамтамасыз ету бағытында 110 МВт күн электр өндіріледі.
Білім саласында да айтарлықтай жетістіктер мен жоғары көрсеткіштер бар. Биылғы оқу жылында мемлекеттік жалпы орта білім беру ұйымдарында 17992 оқушы білім алуда. Мектепке дейінгі 84 білім беру мекемесінде 3-6 жас аралығында 6020 бала тәрбиеленеді.
Шиелі кентінде 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» салынып, ел игілігіне берілді. Денсаулық саласында жағымды жаңалық көп. Бүгінде 250 төсектік аудандық аурухана, аудандық емхана, 2 ауылдық аурухана, Көкшоқы ауруханасы, 19 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік бекет, 13 медициналық бекет халыққа қызмет етеді.
Былтыр Ортақшыл, Бестам, Тартоғай, Алмалы, Телікөл ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілсе, кентте 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімі, көпбейінді орталық аудандық аурухана ғимаратына қосымша блок қосып, МРТ құрылысын орнатуға қаржы қаралып, құрылысы аяқталды. Нәтижесінде МРТ құрылғысы орнатылып, іске қосылды. «Болашақ» амбулаториясы күрделі жөндеуден өтті. Аймақ басшысының қолдауымен ауданға 30 жедел жәрдем көлігі табысталды.
Аудан әкімі мәдениет, спорт, абаттандыру бағытында атқарылып жатқан толымды тіршілікке тоқталып, алдағы атқарылатын жұмыстарды да баяндады.
С.ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ






