Шомылу маусымы: Ең бастысы – қауіпсіздік

389

0

Фото: ашық дереккөз

Жаз басталғанда барлық жерде шомылу маусымы ашылады. 2-санаттағы су объектілері (мәдени-тұрмыстық мақсаттағы), демалыс орындары (жағажайлар) эпидемиялық маңыздылығы жоғары объектілерге жатады және олардың санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы болуы тиіс.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылғы 20 ақпандағы №26 бұйрығымен бекітілген «Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаттары үшін су жинау орындарына, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға және суды мәдени-тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына сәйкес шомылу маусымы басталғанға дейін су сапасына мониторинг жүргізіледі.

2024 жылдың 6 айында мониторинг жүргізу барысында ашық су қоймаларынан микробиологиялық көрсеткіштерге 30 су сынамасы алынып, 3 сәйкессіздік анықталды, санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 30 су сынамасы алынып, 23-де талаптарға сай болмай шықты. Топырақ сынамасы бойынша микробиологиялық, санитариялық-химиялық зерттеулерге 191 сынама іріктеп алынып, зерттелді. Зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша сәйкессіздік анықталмады.

Су айдындарындағы су сапасының нашарлауының негізгі себептері тұрмыстық қалдықтармен ластауы, иттерді шомылдыру, автокөліктерді жуу, қоғамдық тамақтану объектілері мен демалыс базаларының сарқынды суларды шығаруы, малды ұстау және малды суару болып табылады. Бұл табиғатқа ұқыпты қарауды әр адам өзінен бастау керектігін көрсетеді, сонда ғана су да, жер де таза болады!

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті демалыс орындарын күтіп ұстау, су пайдалану орындарындағы су сапасының нашарлауы бойынша анықталған бұзушылықтар туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдарға, төтенше жағдайлар қызметіне ашық су айдындарындағы су сапасын жақсарту, анықталған бұзушылықтарды жою, халықтың шомылуына тыйым салуды белгілеу жөнінде басқарушылық шешімдер қабылдау үшін жібереді, демалыс базалары бойынша – әкімшілік жазалау шаралары қабылданады және ұйғарымдар шығарылады.

Бүгінгі күні облыс бойынша жағажайларды ұйымдастыру орындарында су сынамаларын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде, өтініш берушілердің өтініштері бойынша санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беру жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдармен және ТЖ бірлесіп, жұқпалы аурулардың алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Динара Жанабергенова

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаменті басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<