Швейцария: Іскер топтармен келелі кеңес

110

0

Фото: Облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған Қызылорда облысы делегациясының Швейцария Конфедерациясына жұмыс сапарының негізгі мақсаты – өңірдің экономикалық және инвестициялық әлеуетін таныстыру, сондай-ақ халықаралық ұйымдар, шетелдік компаниялармен әріптестік байланыстарды нығайту.

Сонымен сапардың алғашқы күнінде бірқатар маңызды кездесулер өтті. Атап айтқанда, облыс әкімі швейцариялық Harvest Group компаниясының басшысы Алмаз Альсеновпен кездесіп, өңірде заманауи агроин­дустриялық кластер құру жобасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Бұл – Мемлекет басшысының 30 қазандағы Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде швейцариялық Harvest Agro компаниясы ұсынған бастаманың жалғасы. Ал 31 қазанда Астана қаласында өткен Kazakhstan Global Investment Round (KGIR-2025) форумында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қызылорда облысы әкімдігі және Harvest Agro компаниясы арасында үшжақты Негіздемелік келісімге қол қойылған еді.

Аталған жоба аясында 20 мың гектар жерге техникалық қарасора, жүгері және соя дақыл­да­рын өсіру және қайта өңдеу жос­пар­ланған. Ин­вестиция көлемі 51 млрд теңге, жоба жүзеге ас­қанда 150-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Сонымен қатар, аймақ басшысы БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры Татьяна Валовая ханыммен кездесті.

Кездесуде Арал өңіріндегі экологиялық ахуал, «Геопарк Арал» жобасы, жасыл энергетика және тұрақты даму бағытындағы бастамалар жан-жақты талқыланды. БҰҰ өкілі Қызылорда облысының экологиялық және экономикалық даму бағытындағы бастамаларын жоғары бағалап, ынты­мақтастық орнатуға мүдделілік танытты.

Сондай-ақ делегация мүшелері «GGIG» Женева Сауда және өнеркәсіп пала­тасының төрағасы Винсент Субилия мырза­мен кездесіп, Қызылорда облысының эко­но­микалық даму бағыттары мен инвес­ти­циялық мүмкіндіктерін таныстырды. Швей­цария­лық тарап аймақ жобаларына жоғары қызығушылық білдіріп, іскерлік байланыс­тарды дамытуға дайын екенін жеткізді.

Сапардың алғашқы күні мазмұнды әрі нәтижелі өтті.

***

Сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация жұмыс сапары аясында бірқатар маңызды кездесулер өткізді.

Аймақ басшысы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Еуропа бойынша эконо­микалық комиссиясының Атқарушы хат­шысы Татьяна Молчанмен кездесіп, өңір­аралық ынтымақтастық пен тұрақты даму бағыттарын талқылады.

– Қызылорда облысының делегациясын жылы қабылдағандарыңыз үшін алғыс білді­реміз. Сапарымыз экономикалық сипатқа ие болып, Женева мен Берн қалаларында ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Шілде айында Қызылордада өткен алғашқы Урбан-форумда UN-Habitat ұйымымен ын­тымақтастық декларациясына қол қойыл­ған еді. Бұл оқиға тұрақты урбанизм мен халық­аралық әріптестікті дамытудағы маңыз­ды қадам болды, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Сонымен қатар облыс әкімі Женева кантонының Мемлекеттік кеңесшісі Тьерри Апотеломен кездесіп, Қызылорда облы­сының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, Швейцария тарапымен құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, тау-кен және машина жасау, туризм салалары бойынша екіжақты ынтымақтастық бағыттарын талқылады.

Женева кантоны Үкімет үйінде өткен кездесуде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Құрметті қонақтар кіта­бына естелік жазбасын қалдырды. Өз жаз­басында аймақ басшысы Женеваға ресми сапармен келу үлкен мәртебе еке­нін, бұл сапардың екі өңір арасындағы ынты­мақ­тас­тықты дамытуға және өзара тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік беретінін жеткізді. Бұл ретте Қазақстан мен Швейцария ара­сындағы достық және өзара құрметке негізделген қатынастарды одан әрі нығайтуға сенім білдіріп, Женева тұрғындарына бейбіт өмір мен мол табыс тіледі.

Делегацияның жұмысы Швейцарияның іскер топтарымен және халықаралық ұйым­дарымен әріптестікті дамытуға, сондай-ақ өңірге жаңа инвестициялар тартуға бағытталған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі